Бәсекеде бағы жанды
Ұлытау ауданындағы №17 орта мектептің былтырғы жылғы түлегі, «Алтын белгі» иегері ретінде мемлекеттік грантты ұтып алып, Еуразия Ұлттық университеті «Журналистика және саясаттану» факультетінің «Қазақ журналистикасы» бөліміне оқуға қабылданған Еркеназ ҚОРДАБАЙ университетішілік «Қыз сыны» байқауында «Өнерлі ару» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
– Танымал өнер тарландары қазылық еткен байқауға қатысқандар арасында Еркеназдың таным-өресінің биіктігі айқын аңғарылып тұрды. Байқау Ережесіне сәйкес, жүлделі орындар тек номинациялар бойынша бөлініске түсті. Егер жеңімпаздар мен жүлдегерлер бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тәсілмен анықталса, оның Бас жүлдеге қол жеткізуі бек мүмкін еді. Бұл жетістіктің негізінде ата-әжесінің өнеге-тәлімі, әке-шешесінің тағылымды тәрбиесі, жастайынан талабын ұштай білген ұстаздарының ұшан-теңіз еңбегі жатқаны анық. Мұны Еркеназдың өмір жолындағы жеңістерінің бастамасы ғана деп нық сеніммен айта аламын, – дейді бәсекеде мерейі үстем түскен бойжеткеннің нағашы апасы Гауһар Наурызбаева.
Ұлытауын үнемі ұлықтайтын, туған жерінің қасиеті мен қадірін ұмытпайтын байқоңырлық дарыны дара арудың ұлағатты ұстанымы, бағындырған биігі ауылдағы өзінен кейінгі буын өкілдерін жетістіктерге жетуге талпындырары күмәнсіз.
Өз тілшімізден.