Бұқара мәселесі – назарда

Аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың төрағалығымен 2021-2022 жылдары пайдалануға берілген Ұлытау ауылы Тайжан көшесінде орналасқан 2 қабатты 4 үйдің тұрғындары тарапынан туындаған сұрақтарға қатысты мәселе қаралды. Жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов, мәслихат депутаттары Марфуға Абильдина, Эльмира Ершұманова, Гүлдана Асанханова, аудан әкімінің орынбасарлары және аппарат басшысы қатысты.



Жиынға мердігер «Самға» ЖШС өкілі Батырбек Битасов арнайы шақырылды.
Осы орайда аталған үйлердің тұрғындары жылу беру сапасы, сыртқы есіктердің талапқа сай жабылмауы, шатырдан су өтуі, сондай-ақ, өзге де өзекті мәселелерді көтергенін айта кеткен жөн.
Күн тәртібіне қойылған сауалдарды жан-жақты талқылау барысында мердігер тараптың құрылысты жүргізу кезінде көптеген кемшіліктерге жол бергені, соның салдарынан тұрғындар үшін қолайсыз жағдайлар бой көрсеткені атап өтілді.



Жиын түйінінде Аманжол Батырбекұлы мердігерге аталған үйлердегі ақауларды жедел қалыпқа келтіру мақсатындағы шараларды шұғыл қолға алуды ұсынды. Тұрғын үйлерде жоғарыдағы кемшіліктердің бар екенін толық мойындаған мердігер тараптың өкілі аудан басшысы мен жиынға қатысушы депутаттардың сыни сипаттағы пікірлерін түсіністікпен қабылдап, оларды қалпына келтіру жұмыстарын кешіктірмей жүргізетінін мәлімдеді. Соның аясында жылу қысымын арттыруды, сыртқы және жертөле есіктерін талапқа сай қалыпқа келтіруді және шатыр ақауларын жөндеуді қолға алатын болды.



Тұрғын үйлердегі өзге де кемшіліктерді жою, нақтылай түссек, пәтерлердің жылуды ұстауын қамтамасыз ету (үйлердің сыртын пенопласт сала отырып қайта қаптау) жұмыстарын жүргізу алдағы жаз маусымына жоспарланды.
Жиын қорытындысында берілген ұсыныстар мен тапсырмалар хаттамаға түсіріліп, олардың іске асырылуы бақылауға қойылды.
Соған орай, аудан әкімінің орынбасары Аян Абжамаловқа және жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді. Көтерілген мәселелерді аудан әкімі тікелей бақылауға алатынын атап өтті.


Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.