Бұқара қауіпсіздігі – басты назарда
Жақында Ұлытау ауданының ТЖБ №5 Өрт сөндіру бөлімі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Серік Мұқыш аудандық «Ұлытау» газетінің журналистерімен брифинг өткізді.
Брифингте Серік Маратұлы жылдың кез келген мерзімінде оқыс оқиғалар мен табиғат құбылыстары салдарынан туындайтын жайттардың ортасынан табылу, шұғыл шешім қабылдап, тиімді әрекет ету – құтқарушының жұмысы екенін баяндай келе, сараптамалық мазмұнда салмақты әңгіме өрбітті.
Әңгіме барысында өрт салдарынан қауіпті жағдайды болдырмау және өрттің тұтануына жол бермеу мақсатында бөлім тарапынан түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Бұдан кейін Серік Маратұлы бөлім жауынгерлерінің күнделікті қызметін таныстырып, оқу жаттығу залын, техника паркін, кезекшілік бөлмесін аралатып көрсетті. Осы тұста байқағанымыз, бәрі көңілге қонымды болды. Заман талабына сай материалдық-техникалық базасы жаңартылған, сонымен қоса, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жұмыстарында оң өзгерістер бар.
Брифингте аудандық «Ұлытау» газетінің журналистері тақырып аясында бірқатар сұрақтарда қойды. Журналистер тарапынан қойылған сауалдарға №5 Өрт сөндіру бөлімі бастығының міндетін атқарушы Серік Мұқыш тұщымды әрі орнықты жауаптар қайтарды.
– Қазіргі таңда жылыту маусымы басталды. Осы тұрғыда, өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында аудандағы азаматтық қорғау қызметкерлері әлеуметтік қорғау бөлімі мамандарымен бірлесіп, әлеуметтік әлжуаз топтардың баспаналарында қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, қадағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өңір тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелері және өрттің алдын алу жолдары мұқият түсіндірілуде, – деді азаматтық қорғау капитаны.
Өз тілшімізден.