Қазағымның қамалы

Кіндік болған мың торапқа – хандыққа,
Бірлік қонған сын сағатта – сан жұтта.
Көк Ордама бір-бір уық шаншылған
Арғындар да, наймандар да, маңғыт та…

Бабам қонған жау тигенде тез атқа,
Аман қалған, кірмей басы тозаққа.
Арам қолдан әрқашанда сақтайтын
Қамал болған осы Ұлытау қазаққа.

Құт таралған даламызға бір нүкте,
Тұтқа болған бабамызға тірлікте.
Бөктерінен алтын-күміс артылған
Шетке кілең – Мысыр, Шамға, Ірбітке…

Ойнақтайды көңілімде мың киік,
Бойлатпайды шежіресі тұңғиық.
Талай таудан аласалау болғанмен,
Ұлытаудан ұлыста жоқ шың биік.

Асылдардың бойды билеп дүбірі,
Ғасырлардың айналады шығыры.
Ұлытауым – ұлтымыздың ұясы,
Ұлытауым – жұртымыздың тұғыры!

Қуаныш АХМЕТОВ.