Қазақ руханияты – дін мен дәстүрдің тағылымды туындысы
Қасиетті Құранда: «Уа, адамдар! Шүбəсіз, сендерді бір ер мен бір əйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һəм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жəрдемдесіп, тату-тəтті өмір сүрулерің əрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни, Аллаға тағзым етуде, иман келтіруде əрі мойынсұнуда ең алда болғандарың)! Шүбəсіз, Алла – Алим (барлық нəрсені, соның ішінде, сендердің жай-күйлеріңді һəм не істеп, не қойып жүргендеріңді толық білуші), Хабир (бəрінен толық хабардар болушы)»[1], – деп айтылады.
Исламның көрнекті ғалымдары – Мұхаммед ибн Джарират-Табари жəне Əбу Бəкір ибн əл-Араби осы аятқа түсініктемесінде былай дейді: «Адамдар халықтар мен тайпалар болып жаратылған, əр халықтың өзіндік ерекшеліктері бар – бұл тарих, мəдениет, тіл, дəстүрлер».
Белгілі бір елде немесе белгілі бір халықтар арасында таралған əдет-ғұрыптар мен салт-дəстүрлер ислам құқығында «əдəт» жəне «əл-урф» деп аталады. Бұл іс-əрекеттің немесе сөйлеудің белгілі бір ұстанымдары. Олар құлшылық ету рəсімдерінде қолданылмайды, себебі бұл мəселелерде біз тек Алланың аянына сүйенеміз.
Дегенмен, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты əдет-ғұрыптар ескеріледі. Əрине, егер олар шариғатқа қайшы келмей, Алланың тыйым салғанын рұқсат етіп, не болмаса Алланың рұқсат еткеніне тыйым салмаса.
Бұдан шығатыны, дін мен ақылға қайшы келмейтін дəстүрлер мен əдет-ғұрыптар шариғатта мақұлданып, кей кезде үкімдерді шығаруда қолданылған.
Құранның өзі құқықтың бұл санатын растайды:
«Бала емізетін аналарды ас-ауқат жəне киім-кешекпен шариғатқа қайшы келмейтін қоғамдағы ғұрыпқа сай лайықты түрде қамтамасыз ету – баланың əкесінің міндеті» [2].
Əлемдік өркениетке өз үлесін қосқан ата-бабаларымыздың болмысы, мінез-құлқы, ұлттық ұстанымы терең мағынаға ие болды. Қазақ халқының бай мəдениетінің шеңберінде ғасырлар бойы мəн-мағынасы мол дəстүрлер бен əдет-ғұрыптар сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.
Олар асыл дінімізбен тығыз байланысты. Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғаттың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз бола білді. Алланың хақ діні ұлтымыздың бітім-болмысында, дəстүрлері мен əдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырды. Адам өмірінің барлық кезеңдерін: баланың дүние есігін ашуы, тұсаукесер, сүндет той, қыз ұзату, үйлену тойы, қоныс той, қонақ күту жəне т.б. қамтыған халқымыздың дəстүрлері діни жоралғылармен үйлесімділікте көрініс тапты.
Этнограф-ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбек мəдениетіміздегі ислам дінінің орны туралы: «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мəдени-рухани үрдістеріне, дəстүріне айналып отыр» деп айтқан болатын.
Уақыт өте келе салт-дəстүрдің кейбіреуі өзгеріп, жаңа ерекшеліктерге ие болатыны түсінікті, бірақ негізі өзгермеуі керек. Əрине, заманауи жаңа үрдістерге назар аударған жөн, бірақ сонымен бірге ұлтымыздың тарихы мен ерекшелігін ұмытпағанымыз жөн.
ҚР Тұңғыш президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аудара отырып: «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек», – деп атап көрсетті.
Ендеше, сан ғасырлық саф мұрамыз болып табылатын дəстүрлеріміз ұмытылмай, санамызда мəңгі жаңғырып тұруы үшін əрекет етуіміз керек. Сондай əрекеттің бірі – дінімізге бекем болу. Себебі, дін мен дəстүр үндескенде дін дамиды, дəстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды.
Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен салт-дəстүріміздің терең байланысының тағылымды туындысы. Қазақ халқының ұлттық-рухани кодын қолымыздан келгенше сақтауға тырысып, əр салтдəстүрімізді қадыр тұтайық.
Алла Тағала баршамызға ата дінімізді берік ұстанып, бабаларымыздың мұрасын ұмытпауымызды нəсіп етсін. Əмин!
Ислам МАРАТҰЛЫ,
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы.