Авиажолақ ашу жұмыстарын қолға алуды тапсырды
Аптаның басында облыстық əкімдіктің мəжіліс залында Ұлытау облысының əкімі Дастан РЫСПЕКОВТЫҢ төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Жиынның күн тəртібінде жедел қызмет жəне санитарлық авиация мəселелері, туризм саласын дамыту туралы мəселелер қаралды.
Өңір басшысы күн тəртібіндегі мəселелерге тоқталмас бұрын, облыстық басқармалардағы кадрлық өзгерістерді айта келіп, қала активіне денешынықтыру жəне спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушысын, жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасының жəне қазынашылық департаментінің басшысын таныстырды. Бұдан кейн отырыс өз жұмысын бастады. Алғашқы сұрақ бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы Лəззат Ранова баяндама жасады. Облыс əкімі өз кезегінде ауыл-аймақтарда ұшақ қонатын арнайы орын болуы міндетті екенін жеткізіп, «Қазақмыс» корпорациясымен жүргізілген келіссөздер аясында санитарлық авиажолақ ашу жұмыстарын қолға алуды тапсырды.
Сонымен қатар өңір басшысы жауапты орынбасарына глэмпинг туризм түрін облыста дамыту жолдарын аз уақыттың ішінде зерттеуді, оны жүзеге асыру үшін «Ұлытау» ƏКК-ның ресурсын пайдалану міндетін жүктеді.
– Осы уақытқа дейін Жезқазған əуежайында туристерге ақпарат бұрышын ашу мəселесі көтерілген болатын. Аталған жұмысты Наурыз мерекесіне дейін атқаруды тапсырамын, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.