Ауылдың дамуы – бірлескен істің нәтижесі
Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков Егінді ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Басқосуда үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстар сараланып, келер жылға жоспарланған жобалар таныстырылды. Кездесуге аудан прокуроры Рахымжан Рахатов, салалық бөлімдердің басшылары және ауыл ақсақалдары қатысты.

Ашық форматта өткен жиында аудан басшысы өңірдегі жүзеге асып жатқан бастамалар облыс әкімдігі тарапынан көрсетілген қолдаудың және аудан халқының ауызбіршілігінің арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
– Бүгінгі нәтижелер – бірліктің жемісі. Ауданның әрбір ауылындағы жұмыс бір орталықтан үйлестіріліп, тұрғындардың ұсыныс-пікірі ескерілу арқылы іске асып отыр, – деді Аманжол Батырбекұлы.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары ауылішілік көшелерді асфальттау, ескірген электр желілерін жаңарту және жаңа қоныс аударушыларға арналған тұрғын үйлерді жөндеу мәселелерін көтерді.
Әкім әрбір сұрақ пен ұсынысқа жеке тоқталып, нақты жауап берді. Қажетті жұмыстарды кезең-кезеңімен іске асыру жөнінде жауапты бөлімдерге тапсырмалар жүктеп, тиісті мерзім белгіледі.
Жиыннан кейін аудан әкімі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, олардың қыс маусымына дайындығын тексерді. Биыл жөндеуден өткен мектептің материалдық-техникалық базасы жаңарып, оқу кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталғаны атап өтілді. Қоныс аударушылар санының артуына байланысты мектептегі оқушы саны көбейген. Бұл – ауылдың даму қарқынына оң ықпал ететін қуанышты жайт.
Егінді ауылына қоныстанған жаңа отбасыларға арнайы барған аудан басшысы олардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Мемлекет тарапынан заң аясында барлық мүмкін қолдау көрсетілетінін жеткізіп, жаңа ортаға бейімделу жолында ынтымақ пен ұйымшылдықтың маңыздылығын атап өтті.
– Егінді – әлеуеті жоғары ауыл. Қоныс аударушылардың келуі – ауылдың жандануының белгісі. Біз әрбір отбасына қолдау көрсетіп, ауылды бірге көркейтеміз, – деді аудан әкімі.
Егінді ауылдық округіндегі кездесуде көтерілген мәселелер — бүгінгі күннің өзекті бағыттары. Жол жөндеу, инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік нысандарды жақсарту – барлығы да тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Жауапты бөлімдерге берілген тапсырмалар алдағы уақыттағы жұмыстың нақты жоспарын айқындап отыр.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
