Ауыл шаруашылығының дамуында жаңа бетбұрыс
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы еліміз үшін айрықша мәнге ие құжат болды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы стратегиялық бағыт ретінде көтеріліп, оның дамуына қажетті нақты міндеттер қойылды. Бұл — еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, ауыл еңбеккерлерінің еңбегін бағалаудың және экономиканың тұрақты дамуының кепілі.
Президент Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет», – деп атап өтті. Бұл сөздер ауыл еңбеккерлері үшін үлкен қолдау әрі бағыт-бағдар болып табылады. Өйткені, бүгінгі таңда өнімділікті арттырумен қатар, шығынды азайтып, қайта өңдеу ісін жолға қою және экспорт әлеуетін күшейту маңызды.
Сонымен қатар, Жолдауда ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту, цифрлық технологияларды енгізу, жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне айрықша назар аударылды. «Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс», – деген Мемлекет басшысының сөзі осының айғағы.
Қазіргі кезде біздің Қоскөл ауылдық округінде де жергілікті шаруашылық иелері заманауи тәсілдерге ден қойып, жаңа техникаларды пайдалануда. Бұл – ауыл экономикасының өркендеуіне, тұрғындардың әл-ауқатының артуына зор ықпал етуде. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидия мен жеңілдетілген несиелеудің нақты қажеттіліктерге сай бағытталуы, кооперативтерді қолдау, өңдеу кәсіпорындарын дамыту – ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Ел игілігі үшін қолға алынған бұл бастамалар жүзеге асқанда, ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасының басты тірегіне айналары сөзсіз.
Фариза РАНОВА,
Қоскөл ауылдық
округі әкімдігінің бас маманы.