Ауыл мәселесі – басты назарда
Халыққа қызмет – маңызды міндет
Қарашаның басында аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ өңір басшысы ретінде өзінің халықпен кездесуін бастады. Алғашқы жүздесу Сарысу ауылында өтті. Оған аудан прокуроры Рахымжан РАХАТОВ, əкім орынбасары Алмаз ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ, аудандағы тиісті мекеме, бөлім басшылары жəне ауыл тұрғындары қатысты.
Есепті кездесуде Сарысу селолық округінің əкімі Сəтжан Құрманбаев ауылда атқарылған жұмыстар мен алда тұрған мəселелер жөнінде баяндады. Оның айтуынша, Түйемойнақ-Сарысу бағытындағы 20 шақырым жолды асфальттау құжаттары əзірленіп, бүгінгі таңда жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру шаралары басталмақшы. «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдағы біршама көшелердің жолдары асфальтталмақ. Сонымен қатар, көшелерді жарықтандыру, ауыз су құбырын жөндеу, ауыл кіреберісіне тал көшеттерін отырғызу жұмыстары ауыл əкімінің жоспарында бар екен.
Бұдан кейін ауыл тұрғындарына кезек берілді. Сəкенбай Ғаппасов, Сұлтанғазы Жангелдин жерге қатысты мəселені көтерсе, Əбдіжəлел Жағыппар Жезқазған-Сарысу бағытына автобус керектігін жəне ауылға жоғары білімді дəрігер-маман қажеттігін айтты. Ал, Сарысу ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамсап Əшенов ауылдағы өрт сөндіру бекетіне ғимарат керектігін айтып, аудан əкімінің қызметіне жемісті еңбек тіледі.
Аудан басшысы көтерілген мəселелер рет-ретімен шешімін табатындығын жеткізді. Электрмен жабдықтау жұмыстары жолға қойылып, жер мəселесі ретке келтіріледі, ауыз су мəселесі оң шешімін табады деді. Ауылдың басты мəселесі – Түйемойнақ-Сарысу бағытындығы 20 шақырым жолды асфальттау жұмыстары қолға алынып, ауыл ішіндегі көше жолдары да ретке келтірілетінін тілге тиек етті. Ал, орталықта салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы 2023 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Есептік кездесуден кейін аудан басшысы ауыл тұрғындары – Жамсап Əшенов, Сұлтанғазы Жангелдин, Сəкен Аппазовты жеке мəселелері бойынша қабылдады. Жеке қабылдауға шалғайда жатқан ауыл тұрғындары да келіп, көкейде жүрген біршама мəселелерін көтеріп, олардың шешілу жолдарын сұрады. Қойылған сұрақтарға аудан басшысы мен аудан прокуроры нақты жауаптарын берді.
Сарысу ауылындағы жұмыс барысында А.Мырзабеков ауыл орталығында жаңадан салынып жатқан ФАП-тың құрылысымен танысып, мердігерге құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтауды тапсырды.
Ауылды түлету – ортақ игілік
Аудан басшысы бұдан кейін атбасын Сарысу ауылымен іргелес жатқан Борсеңгірге бұрды. Мұнда да ауыл əкімі атқарылған жұмыстары жөнінде есебін беріп, алдағы атқарылатын іс жоспарларын бағамдады.
Бауыржан Əлімбектің айтуынша, заман талабына сай ауылда байланыс қызметі, интернет желісі тұрақты түрде жұмыс жасауда. Кəсіпкерлік саласы да дамып келеді. Бүгінгі күні ауылда дөңгелек жөндеу орталығы ашылып, жап-жақсы жұмыс істеп тұр.
Əрине, алда тұрған жұмыстар да ауқымды. Борсеңгір-Теректі көтерме жолы жөндеуді қажет етеді. Ауыл ішіндегі саябақты көгалдандыру, скважина аралығындағы электр желілерін қалыпқа келтіру, трансформаторлардың айырытқыштарын ауыстыру секілді жұмыстар да кезек күтіп тұр. Округ əкімі ауылда бұқаралық спортты дамытуды да қолға алмақшы.
Жасалған баяндамадан кейін ауыл тұрғындары Біржан Бейгулинов қайтарымсыз грант алу жөнінде, Жұмағали Əденов Жезқазған-Борсеңгір бағытына автобус жайлы, Сейтжан Байкенжин жерге қатысты мəселені көтерді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары заман талабына сай балалар ойын алаңы керектігін де алға тартты.
Өз кезегінде аудан əкімі ауылда атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті. Аудан бойынша электрмен жабдықтау, Теректі-Борсеңгір бағытындағы жолды жөндеу, шағын футбол алаңын салу, көшені жарықтандыру, саябақ ішін абаттандыру жұмыстары атқарылатындығын айтты.
2022 жылы Борсеңгір ауылы үшін де біршама жұмыстар атқарылған. Солардың бірі ауылдағы мектептің шатыры ауыстырылып, қасбеті қапталған. Ендігі кезекте мектептің бірінші қабатына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Кездесуден кейін аудан басшысы осы мектеп ғимаратын аралап көріп, жасалған жұмыстарға оң бағасын берді.
Атқарылған жұмыстар бағамдалды
Аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ жергілікті тұрғындармен кездесуі Терісаққан ауылында өтті. Оған аудан прокуроры Рахымжан РАХАТОВ, аудандағы тиісті мекеме, бөлім басшылары жəне ауыл тұрғындары қатысты.
Ауыл əкімі Алмат Дүйсенбаев атқарылған жұмыстарды баяндап, атқарылатын жұмыс жоспарына тоқталды. Ауылдың бір азаматы «Электронды еңбек биржасы» арқылы «Бизнес-Бастау» онлайн сабағын оқып, ірі-қара мал басын көбейту мақсатында аудан əкімінің 1 млн. 200 мың теңге грантына ие болған. Қазір грант иесі өз кəсібімен айналысуда. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары машина-трактор паркін жаңарту үстінде. Шаруа қожалықтарындағы басым бөлігінің қолда бар техникаларының тозығы жетуіне байланысты шаруашылықты ірілендіру мақсатында несиелік көздерден қаражаттарды алып, лизинглік компаниялар арқылы несиелендіру жұмыстары қолға алынбақшы. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды жоспарлы түрде жүргізу, оның ішінде селекциялық асылдандыру жұмыстары жоспарлануда.
Ауыл əкімінің есебінен соң жергілікті тұрғындар Біржан Найманов мекемелерге газет уақытылы жетпейтіндігін, Жəмшит Тұрғынбеков жол мəселесін, Əбжан Қалыбаев электр жарығын, Құрмет Ахметалин байланыс қызметінің нашарлығын тілге тиек етті. Ал, ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғазиз Өскенбаев ауыл əкімінің есебін «қанағаттанарлық» деп бағалап, аудан əкімінің жұмысына сəттілік тіледі.
Аудан басшысы көтерілген мəселелердің алдағы уақытта шешімін табатындығын айтты. Аудан бойынша электрмен жабдықтау, жер мəселесін шешу, ауылдың ауыз су мəселесін ретке келтіру, ауыл ішіндегі көше жолдарын асфальттау жоспарлануда. Сондай-ақ, 2023 жылы ауыл орталығына жаңадан фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталатындығын жеткізді.
Есептік кездесуден кейін аудан əкімі мен аудан прокуроры ауыл тұрғындарын жеке мəселелері бойынша қабылдап, сұрақтары мен өтініштеріне жауап берді.
Басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын арттыру
Аудан əкімі Аманжол БАТЫРБЕКҰЛЫНЫҢ ауыл тұрғындарымен кездесуі Шеңбер ауылында жалғасты. Мұнда ауыл əкімі Сағат СҰЛТАНОВ атқарылған жұмыстары жөнінде есебін беріп, алдағы атқарылатын жұмыстарын бағамдады.
Ауыл əкімінің баяндамасында ауыл шаруашылық саласы бойынша берілген субсидияларды шаруа қожалық өкілдері тиімді пайдалануда. Кəсіпкерлікті дамыту мақсатында аудан əкімінің қайтарымсыз грант есебінен ауыл орталығынан 2 монша, «Пескоблок» шығаратын цех жұмыстары жолға қойылған. Ауыл орталығынан «Ұлытау-Арқалық» бағытындағы көлік дəлізіне жалғастыратын аудандық дəрежедегі жергілікті маңызы бар көтерме жолдың 28 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Ауылдың алдағы уақытта да атқарылатын жұмыстары жетерлік. Ауыл ішіндегі көше жолдарын асфальттау, ауыз су құбырларын үй-үйлерге кіргізу, заман талабына сай балалар ойын алаңын салу, жөнделген 28 шақырым жол бойынша жол белгілерін орнату жұмыстары жоспарланып отыр.
Кездесу барысында аудан басшысы ауылда атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті. Аманжол Батырбекұлы 2023 жылы аудан орталығында 300 орынға арналған жаңа мектептің құрылысы басталатынын айтты.
Есепті кездесу соңында ауыл тұрғындары ауыл əкімі Сағат Сұлтановтың атқарып жатқан жұмысын «қанағаттанарлық» деп бағалады.
Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды
Аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ келесі кездесуі Алғабас пен Егінді ауылдарында өтті. Бұл кездесуге аудан прокуроры Рахымжан РАХАТОВ, аудан əкімінің орынбасары Мақсұт ОСПАНОВ, аудандағы тиісті мекеме, бөлім басшылары жəне ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу əдеттегідей округ əкімінің есебімен басталды. Əшімбек Мұхышев атқарылған жұмыстарды жіктеп айтып шықты.
Баяндамадан кейін ауыл тұрғындары Марғұлан Бралин ауыл шаруашылығына қатысты бірқатар мəселелерді тілге тиек етсе, Бірмұқан Уалинов жол, мал сою алаңы жөніндегі мəселелерді көтерді. Аудан басшысы бұл мəселелердің назарға алынатындығын жеткізді.
Жиынды Аманжол Батырбекұлы қорытындылап, Ұлытау облысының əлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарымен таныстырып, аудан бойынша электрмен жабдықтау, мəдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары, жол мəселесі бойынша атқарылатын жұмыс жоспарына тоқталды. Осы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін тұрғындарды ауыл əкімімен бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Талап-тілектер ескеріледі
Егінді ауылының əкімі Марғұлан ƏЛМАҒАНБЕТОВ те атқарылған жұмыстары жөнінде есебін берді. Бұл округтегі бір ерекшелік, қазір мұнда ішкі көші-қон саясаты жүріп жатыр. Егінді ауылына еліміздің өзге аймақтарынан көшіп келіп жатқан отбасылар бар. Мектепке де жас мамандар келіп, қызмет жасауда. Бір айта кетерлігі, патронаттық тəрбие бойынша 6 оқушы ауыл мектебінде білім алуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Жиында ауыл тұрғындары Ернар Қазыбаев жер мəселесін, Дастан Шəріпов білім саласына қатысты, Дүйсенбек Сабыров жол мəселесін көтерді. Кездесу барысында аудан басшысы ауылда атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті. Аудан бойынша электрмен жабдықтау, жол жөндеу жұмыстары, мəдениет үйі мен білім ошағы күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар екендігін атап өтті. Сондай-ақ, аудан əкімі жергілікті тұрғындарды 2022 жылдың 20 қараша күнгі өтетін Президент сайлауына қатысуға шақырды.
Есептік кездесуден кейін аудан əкімі мен аудан прокуроры ауыл тұрғындарын жеке мəселелері бойынша қабылдап, сұрақтары мен өтініштеріне жауап берді.
Бұдан соң Аманжол Батырбекұлы ауылдағы №8 Егінді орта мектебін аралап, жылу қазандығының жұмыс барысын көрді.
Жасұлан АЯШЕВ