Қауіпсіздікке бағытталған ауқымды жұмыс

Терісаққан ауылдық округінде көктемгі кезеңге дайындық жұмыстары жүйелі түрде қолға алынып, су тасқынының алдын алуға бағытталған маңызды шаралар жүзеге асырылды. Ауыл әкімі Жантөре Өсенбаевтың ұйымдастыруымен тұрғындар бір кісідей жұмылып, елді мекен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысты.

Нақтырақ айтқанда, «Терісаққан–Қоскөл» автожолы бойында орналасқан «Ұлжан сай» және «Қияқты сай» суағарлары қардан толық тазартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар көктемгі қар еріген кезде судың еркін ағуын қамтамасыз етіп, тасқын қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Шара барысында ауыл тұрғындары белсенділік танытып, арнайы техникалар тартылды. Техника жетпеген жерлерде қол күшімен қар тазаланып, суағарлар толық аршылды. Сонымен қатар, жол жиегі ретке келтіріліп, су жүретін арналары ашылды. Бұл өз кезегінде су тасқынының алдын алып, жол инфрақұрылымының қалыпты жұмысын сақтауға ықпал етеді.
Ауыл азаматтарының ұйымшылдығы – атқарылған жұмыстың сәтті жүзеге асуына негізгі себеп болды. Қауіптің алдын алу бағытындағы мұндай бастамалар тек төтенше жағдайлардың алдын алып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Жалпы, бұл жұмыс – жергілікті халықтың бірлігі мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, Терісаққан ауылдық округінің тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға өз үлесін қоспақ.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.