Ауданда ЖРВИ ахуалы бақылауда
Қыс маусымы басталғалы бері республика бойынша жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау жағдайы жиілей түсті. Ұлытау ауданында да эпидемиологиялық маусым бойынша медициналық ұйымдардың жұмысы күшейтілген тәртіпте ұйымдастырылған. Осы орайда біз аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Мирлан Омаровтан өңірдегі жағдай, алдын алу шаралары және тұрғындарға көрсетіліп жатқан қызмет туралы сұрап, білген едік.

2025 жылғы эпидмаусымға дайындық кезеңінде Ұлытау ауданына «Гриппол плюс» тұмауға қарсы вакцинасының 700 дозасы жеткізіліп, толық көлемде егілді. Оның ішінде: Жүкті әйелдер – 68, медицина қызметкерлері — 114, «Д» есептегі тыныс алу жолдары аурулары бар балалар — 200, «Д» есептегі ересектер — 143, мектеп жасындағы балалар — 165, меди-
циналық қарсы көрсеткіші барлар 10.
Мирлан Сәдірұлының айтуынша, тұрғындарды вакцинамен қамту – маусымдық тұмаудың асқынуын алдын алудың ең тиімді жолы.
— Алдын алу шаралары дұрыс жүргізілгендіктен, ауыр түрдегі жағдайлардың саны шектен тыс көбеймей отыр, — дейді ол.
Эпидемиологиялық ахуал шиеленіскен кезең — 7 қараша мен 2 желтоқсан аралығында аудандық аурухананың тәуліктік стационар бөліміне 52 бала тұмау және пневмония диагнозымен жатқызылып, толыққанды ем қабылдады. Бүгінгі таңда стационарда пневмония диагнозымен 10 бала ем қабылдауда. Балалар арасында сырқаттанушылықтың жоғары болуы — маусымдық вирустық індеттің табиғи көрінісі.
Аталған кезеңде аурухананың күндізгі стационары 27 науқасқа қызмет көрсетті. Балалар мен ересектер арасында инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында күндізгі стационар бөлімі екінші қабаттан бірінші қабатқа көшірілді.
— Бұл шешім ауруханаішілік жұқтыруды азайтуға мүмкіндік береді. 1 жасқа дейінгі, 1-5 жас аралығындағы балалар, жүкті әйелдер мен 60 жастан асқан азаматтар күнделікті қатаң бақылауда, — дейді Мирлан Омаров.
Учаскелік дәрігерлер мен медбикелер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Ұлытау ауданы білім бөлімінің мәліметінше, «№1 тірек мектебі (ресурстық орталық)» КММ 1–10 сынып аралығында 44 оқушы уақытша онлайн форматқа ауыстырылды. Бұл шешім аурудың таралуын тежеу мақсатында қабылданып отыр.
Сондай-ақ, Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасының 19.11.2025 жылғы №207 бұйрығына сәйкес аудандық аурухана мен ауылдық амбулаторияларда «Фильтр» бөлмелері ұйымдастырылып, тұрғындарды сүзгіден өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы № ҚР ДСМ-47 бұйрығына сәйкес, демалыс күндері де кезекшілік кестесі бекітілген. Оған сенбі және жексенбі күндері мамандар сағат 09:00–18:00 аралығында кезекшілік жасайды. Бұл уақыттарда ауруханаға келген әр азамат міндетті түрде алғашқы бақылаудан өтеді.
Қазір ауданда қажетті құрал-жабдық пен дәрі қоры жеткілікті. Аудандық ауруханада эпидмаусымға арналған төсек қоры, төсек-жабдықтары, дезинфекциялық ерітінділер, бактерицидті кварц лампалары, вирусқа және бактериялық инфекцияларға қарсы дәрі-дәрмектер, антибиотиктер мен медициналық бұйымдар толық көлемде дайындалған.
— Біздің міндет — аудан тұрғындарының денсаулығын қорғау. Қажетті дәрі-дәрмек пен құралдардың қоры жеткілікті, барлық бөлімдер дайындық режимінде, — дейді Мирлан Сәдірұлы.
Қысқасы, Ұлытау ауданында ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай бақылауда. Алдын алу шаралары уақытылы жүргізіліп, медицина саласы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Аудандық аурухана басшылығының айтуынша, тұрғындар өз денсаулығына салғырт қарамауы тиіс. «Маска тағу, үй-жайды желдету, балалардың денсаулығын қадағалау, уақытылы дәрігерге қаралу, вакцина алу — маусымдық инфекцияның алдын алудың негізгі шарттары», дейді ол.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
