Ауданда жағдай тұрақты

Адамзат баласын шарпыған індет өңірде сәл тыншыған сияқты. Өткенде ғана қауіпті кесел Ұлытау жұртын әбігерге салғаны рас. Қаншама адам вирус жұқтырып, дертке шалдыққанын жазғанбыз. Ал, қазір ауданда жағдай тұрақты. Десекте, сақтық шараларын сақтағанымыз абзал. Қауіпті вирус лезде құбылып кетпесіне, кім кепіл?!

Бүгінде эпидемиологиялық ахуалды сақтау үшін елді мекендерге жылжымалы медициналық кешендер жасақталып, екпе алу ісіне жұмылдырылуда. Вакцина алып жатқандардың қатарында жастар да, қарттар да бар. Әзірге екпе алғандардың арасында жағымсыз реакциялар байқалмаған. Вакцина қабылдағандардың ішінде 82 жастағы Зүбайра әже де бар. Ол кісі «Вакцина салғызу ешқандай қауіпті емес» дейді.

Жасыратыны жоқ, биыл коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауырғандар көп болды. Жыл басынан бергі эпидемиологиялық статистикаға сүйенсек, аудан бойынша 240 адам індеттің ілмегіне ілікті. Оның 23-і он төрт жасқа дейінгі балалар. Бірақ, дәл қазір індетке шалдыққандар саны азайған. Бұл көпшіліктің вакцина алғанынан болар.

Ал, кешегі деректер бойынша ауданда 2 776 адам вакцинаның бірінші компонентін, 1 334 адам – екінші компонентін алған. Бұл әлбетте жеткіліксіз. Әлі де вакцина алмағандар қатары жетерлік. Мүмкін, вакцина салдырудан қорқатын болар. Оның да себебі бар. Әлеуметтік желіде вакцина жайында қауесеттер толып жатыр. Оны әркім әрқалай қабылдайды. Жалған ақпарат таратушылардың айтқаны шындыққа жанаспаса да оның ара-жігін ажырата алмағанымыз ақылға сыйымсыз.

Маман-дәрігерлердің айтуынша, вакцина алған адамға вирус соқтыққанда, ол әрі қарай дамымай, оның қорғаныш қабілеті, антиденелері оны елемей, вирус тарапындағы тізбек үзіледі екен. Ал, қоғамда сондай тізбек үзушілердің қатары көбейген сайын ауру жеңіледі де таратушылардың қатары азаяды емес пе?!

Осыған қарағанда, вакциналау мәселесінде тек қана дәрігерлердің пікірін тыңдаған жөн шығар. Қалай айтсақ та бүгінгі мақсат – пандемияны тоқтату. Оны тежеудің тәсілі – екпе салдыру болып тұр. Бірақ, әлі де бетперде тағып, ара-қашықтықты сақтау, санитарлық нормаларды орындау талабы күшінде.