Аудан орталығына Домбыра мен Қобыз ескерткіштері орнатылды

Биылғы жыл жалпы Ұлытау ауданының халқы үшін оңтайлы болды десек те болады. Жылды қорытындылайтын болсақ ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Оның ішінде ауданымыздың мерейлі 85 жылдық тойы дүркіреп атап өтілді. Мерейі үстем болған ауданымыздың 85 жылдық тойына орай, аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың қатысуымен, сәулетімізді көркейте түскен қазақтың ұлттық қос аспабы – Домбыра мен Қобызға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өткізілген болатын.

Аталған шара өңіріміздің мәдени және рухани мұраларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.Домбыра мен Қобыз ескерткішінің ресми ашылуын Ұлытау ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисті Мағзұмбек Машайықов пен еңбек ардагері Ахметжан Жанұзақов ашылу лентасын қиды. Жиналған халық алдында аудан ардагерлері жылы лебіздерін білдіріп, мерекенің маңыздылығын атап өтті.

Қос аспап қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен рухани қазынасы ретінде ерекше құрметке ие.Шара барысында ауданның түкпір-түкпірінен жиналған тарихи-мәдени ескерткіштер мен материалдар ұсынылған «Дара тұлғалар» атты өлкетану көрмесі өтті. Аталған көрме ауданның өткен тарихын еске салып, ел дамуына үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен еңбектерімен танысуға мүмкіндік берді. Айта кететін жайт, ауданымыздың өркендеуіне ерекше үлес қосып жүрген «Самға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Абай Байділдә мен «NERIS-НЭРИС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Еділ Абдрахмановқа ауылды көркейтуге қосқан үлестері үшін аудан тұрғындары үлкен алғыстарын білдірді.