Аудан активімен кездесті

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали ӘБДІКЕРОВ Конституцияға енгізілетін өзгерістерді түсіндіру мақсатында аудан активімен жиын өткізді. Оған аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ, аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан прокуроры, аудандық ардагерлер кеңесі мен Қоғамдық кеңестің төрағалары, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме-кәсіпорындар басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды аудан басшысы ашып, жүргізіп отырды

Алқалы жиында сенатор Конституцияға енгізілетін өзгерістерге егжей-тегжейлі тоқталды. Конституциялық реформаны іске асырудың басты кепілі халық екенін тілге тиек етіп, жалпыхалықтық референдумда сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруге шақырды.

– Бұл референдумның саяси, тарихи маңызынан бөлек, әлеуметтік-экономик алық маңызы терең. Біз жаңа мемлекеттік басқару моделіне, жаңа саяси жүйеге қадам басқалы отырмыз. Биліктің үш тармағы арасында, яғни, атқарушы билік, өкілетті орган және сот тармағы арасындағы қарым-қатынасты теңестіру. Мемлекеттік билікті халыққа жақындату – саяси қадамның басты мақсаты, – деді Рысқали Әбдікеров өз сөзінде.

Халық қалаулысы сондай-ақ, Президент тапсырмасына сәйкес, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселесі күн тәртібінде тұрғанын да атап өтті. Сөзін қортындылай келе, жиынға қатысушыларды жаңа Ұлытау облысының құрылуымен құттықтады.

Орайы келгенде айта кетейік, Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров осыған дейінгі жұмыс сапарымен ауданымызға келгенде ауыз су мәселесі көтерілген болатын. Халық қалаулысы бұл мәселенің бүгінде өз шешімін тауып, аудан орталығындағы ауыз су құбырлары жаңартылатынын да мәлімдеді.

Жиын барысында аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Әнуар Омар жаңадан құрылған Ұлытау облысына бөлінген шекара аумағын қайта қарау туралы ұсыныс енгізді. Сонымен қатар, Шұбаркөл мен Құмкөл аумағын Ұлытау облысына қосу мәселесін көтерді.

Актив жиынын қорытындылаған Советбек Тұрсынұлы ауданда атқарылатын жұмыстарға қысқаша шолу жасады.