Ата кәсіп – ұрпаққа нәсіп
Бауыры байлыққа, табиғаты тарихқа толы, ұлтымыздың ұраны болған, тұранның тұрағы болған, қасиетті де киелі Ұлытау – талай даңқты тұлғалар, еңбегімен елін сүйсіндірген, аптал азаматтар шыққан, киелі қара шаңырақ. Олардың даңқты істерін ұрпақтары жалғастырып келеді. Əкелерінің ісін жалғастырып, ауданның əлеуметтік-экономикалық дамуына өздерінің лайықты үлесін қосып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Əмірхан ҚОНЫСБЕКҰЛЫ.
Қонысбек Бейсенбеков отыз жылдай Аманкелді атындагы кеңшардың аға шопаны болды. Ол əр жыл сайын үздік көрсеткіштерге жетіп, ауданның озат шопандарының бірі болған. Ол жай ғана озат шопан емес, төсіне лента таққан «чемпион шопандардың» бірі болды. Еңбегі бағаланып, бірнеше орден, медальдармен марапатталған. Зайыбы Айсара тек балаларының анасы ғана емес, Қонысбектің сенімді серігі, қажымайтын көмекшісі болды.
Қонысбек балаларын еңбекке тəрбиеледі. Еліміз егемендік алып, Тəуелсіз мемлекет болғаннан кейін жекешелендіру саясатын қолдап, өзінің құтты мекені болған Айбас дарасында жеке шаруашылық құрып, мал шаруашылығымен шұғылданды. Ол аудандағы озат шопандардың алдыңғы қатарында болды. Шаруашылығын қарқынды дамытып, ауданның əлеуметтік жəне экономикалық дамуына өзінің лайықты үлесін қосты.
Қонысбек қайтыс болғаннан кейін, балалары шаруашылығын шашыратпай ұстап тұра қалды. Жасынан еңбекке бейім болып өскен, мал шаруашылығын дамытуға бейімі бар, əкесінен мол тəжірибе алған Əмірхан ие болып, ақтылы қой, табын ірі-қара, үйірлі жылқы өсіріп, шаруашылығын шалқытып отыр. «Əкеден бала туса игі, əке жолын қуса игі» деген Əмірхан əкесінің жолын қуып, оның ісін жалғастырған табанды да, талантты азамат болды. Ол байлығын бауырына, табысын табанына басқан фермер емес, əкесіне тартқан қолы ашық, пейілі кең, үлкен жүректі азамат, əкесінен қалған мұраны мұртын сындармай ұстап келеді.
– Менің мақсатым Қазақстан Республикасы Призиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтің алға қойған міндеттерін мүлтіксіз жүзеге асырып, елдің байлығын молайтуға өзімнің лайықты үлесімді қосу – дейді Əмірхан.
Біз азаматтың ісіне əрқашан сəттілік тілейміз.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Ұлытау ауданының құрметті азаматы,
Қазақстанның құрметті журналисі.