Ат әбзелдері — ұлттық құндылық
Қазақтың ұлттық қолөнер туындылары – халықтың тарихымен, күнкөрісімен, кәсібімен тығыз байланысты. Мысалы, мал шаруашылығына қажетті шылбыр, тұсамыс, шідер, ер-тұрман және тағы басқалары – халық даналығының жемісі.
Сонау ерте замандарда ертұрман жасап, халықтың бағасы мен алғысын алған қолөнершілер көп болған. Бүгінде ер-тұрман әбзелінің ішінде ердің сыртқы түрі мен дайындау тәсілінде жергілікті ерекшеліктер байқалады. Олардың түрлі үлгілері өзіне тән тиісті атаумен аталып келеді. Солардың ішінде ердің көп таралған түрі – қайыңнан шауып жасалған, қанаты кең «қазақы ер». Мұндай ер құрамдас бес бөліктен – алдыңғы қас пен артқы қастан, екі жақтағы қапталдан және ортаңғы ағаш бөліктен құралады. Әр бөлігі ағаш немесе мыс түтікше тәріздес шегелермен бекітіледі. Ердің екі қапталына қайыңның бұтақсыз кесінділері пайдаланылады. Ал, екі қасына жуандау қайыңның екі айырылған немесе қисайып бүкірлене біткен бөліктері қолданылады. Бұл үшін қайыңның түбінен қас шығатын жері таңдап алынады. Сол таңдап алған қайыңды біраз уақыт желге кептіріп, содан соң балта немесе шотпен тазалайды. Ер бөлшектерінің нобайы шыққаннан кейін оны қазанға салып, тұзды суға қайнатады да көлеңкеде кептіреді. Ершілердің айтуынша, тұзға салған қайың ешқашан жарылмайтын болған. Ыстыққа да, суыққа да төзімді келеді екен. Осындай жолмен ердің барлық бөліктері дайындалып болғаннан кейін қалыпқа салынады.
Келесі ердің түрі – «құранды ер».
Бұл ерді құрастыруға қайыңнан басқа қара ағаш немесе емен сияқты мықты ағаштарды пайдаланған. Оның бөліктері желіммен жапсырылып, сырты қайыңның қабығымен тартылып, күміспен немесе алтынмен безендіріліп жасалады.
Ер-тұрман жасау, негізінен, ершілердің ісі болған. Олар тек ердің өзін ғана емес, сонымен қатар, ат әбзелдері – тоқым, құйысқан, өмілдірік, жүген, айыл, тартпа, үзеңгі, қамшы және тағы да басқаларын жасап, оларды әсемдеп-көркемдеп отырған.
Қамшы – атқа мінген адам ұстайтын құрал. Бірнеше таспа қайыстан көркемдеп өрілген. Сабы тобылғыдан, ырғайдан, аңдардың аяқ, мүйіздерінен әшекейленіп жасалған. Сонымен қатар, қамшыны мал айдайтын құрал ретінде де пайдаланған. Қамшы бүлдіргі, сап, алақан және өрімнен тұрады. Оның әрқайсысы әр заттан жеке-жеке дайындалып біріктіріледі. Қолға ұстайтын тұсы былғарымен қапталады. Қамшы өрімі ірі қараның терісінен илеген қайыс таспалардан өріледі. Бүгінде қамшы өрудің бірнеше түрлерін кездестіруге болады. Алты және сегіз таспа қамшы – ең көп тараған қамшылардың бірі. Бұдан басқа да үш таспадан отыз екі таспаға дейін өрілгендері де кездеседі. Олардың өрімдері домалақ, жұмыр төртқырлы болып келеді. Қамшы әдемі шығуы үшін әуелі таспаны өткір пышақпен түзу тіліп алады. Сонда көзге көрнекті болып көрінеді. Ер-азаматтар қамшысының сабына темір бау салып, қайыспен, жезбен орап шығарады. Ондай қамшыны «сарыала қамшы» деп атайды. Кейде қамшының сабын тұтастай былғарымен қаптап, күміспен әшекейлеп шығарады. Мұндай қамшы әйелдерге арналады.
Әріден айтсақ, қазақта қамшы туралы наным-сенімдер көп. Әртүрлі жағдайларға байланысты белгі-ишара нышандары ретінде қызмет еткен. Қамшыны сыйға бергенде қолына ұстатпай, жерге тастаған. Онысы – береке кетпесін деген ойдан туған ырым. Тағы бір еске сақтайтын жайт – қамшы ұстап төрге шықпайды. Мұндай әрекет – дауласқан, жанжалдасқан кезде болатын қылық. Ол жақсылықтың белгісі емес.
Егер үйге кірген кісі қамшысын босағаға қалдырмаса – жай келмегендігі, дауласуға немесе жанжалдасуға келгенінің белгісі. Ал, қамшысын төрге ілсе – сол үйдің қызына құда түсуге келді деген мағынада.
Бұдан бөлек, «қамшы тастау» дәстүрі бар. Бұл – бір істі ұйымдастырарда немесе пікір таласы кезінде кезек алу мақсатында жасалатын дәстүр.
Негізінде, қамшы ұстаудың да белгілі бір тәртібі болады. Егер жаяу адам болса, онда ол қамшыны бүгіп ұстайды. Ал, салт аттылы кісі оң қолының білегіне іледі. Оның әрқайсының тарихи-этнографиялық тұрғыдан алғанда, өзіндік құндылығы бар.
Қайрат ЖҰМАБАЙ