Атқарылған істер мен алдағы міндеттер талқыланды
Ұлытау аудандық әкімдігінде аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың төрағалығымен кеңейтілген аппарат жиналысы өтті. Жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, мекеме жетекшілері және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Аппарат жиынының басты мақсаты – атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, алдағы кезеңге арналған жоспарларды нақтылау, сонымен қатар туындап отырған мәселелердің шешу жолдарын қарастыру болды.

Жер қатынастары, сәулет және
қала құрылысы саласындағы
өзгерістер
Алғашқы баяндама «Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы» бөлімінің басшысы Болатбек Есназаровқа берілді. Ол бөлімнің ағымдағы жылы жүзеге асырған жұмыстарына тоқталып, бірқатар ілкімді істердің жүзеге асып жатқанын баяндады.
Болатбек Есназаровтың айтуынша, аудандағы жер телімдерін бөлу, жер кадастрын толықтыру және жаңа құрылыс жобаларын қолдау шаралары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, аудан орталығы мен ауылдық округтерде жаңа әлеуметтік нысандар салу үшін жер аймағын белгілеу, құрылыс нормаларын сақтау бағытында нақты шешімдер қабылданған.
– Жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі уақытылы орындалуда. Дегенмен, құрылыс саласын цифрландыру, инженерлік желілерді жобалау бағытында әлі де жүйелі сауалдар бар. Бұл ретте, келесі тоқсанда сапалық өсуге бағытталған шараларды қолға аламыз, – деді бөлім басшысы.
Мансап орталығы – халыққа қызмет
етудегі жаңа серпін
Келесі сөз аудандық Мансап орталығының директоры Баянқұл Аманжоловқа берілді. Ол мекеменің биылғы жұмыс нәтижелерін саралап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Орталықтың негізгі қызметі – аудан тұрғындарын жұмысқа орналастыру, кәсіби бағдар беру, жастардың белсенділігін арттыру және әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету.
– Жыл басынан бері орталық арқылы 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламалары бойынша да елеулі нәтижеге қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз – ауыл жастарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдап, еңбек нарығындағы сұранысқа сай кадрлар даярлау, – деді Баянқұл Құрманғалиұлы.
Жауапкершілік пен
нақты тапсырмалар
Жиын барысында күн тәртібіне енгізілген мәселелер егжей-тегжейлі талқыланып, олар бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Аудан әкімі Аманжол Батырбекұлы әрбір бөлімнің алдағы жұмыс жоспарларын пысықтай отырып, халықпен кері байланысты күшейту, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу сапасын арттыру, әлеуметтік-экономикалық дамудың межелі көрсеткіштеріне жету бойынша міндеттер қойды.
Аталған тапсырмалардың орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасарларына жүктелді. Әкім ауданның өркендеуіне бағытталған әрбір бастаманың уақытылы және сапалы орындалуы – ортақ міндет екенін атап өтті.
Ұлытау ауданының даму жоспарында ел мүддесі мен өңір өркендеуі басты орында тұр. Аппарат жиыны – осы мақсатқа бағытталған жүйелі жұмыстың бір көрінісі. Аудан басшылығының осындай жауапты қадамдары жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері сөзсіз.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
