Асфальт-бетон зауыты ашылды
Жезқазған қаласында жаңғыртылып жатқан жолдардың сапасы енді бұрынғыдан да жақсара түспек. Оған қаламызда жаңадан ашылған асфальт-бетон зауыты зор ықпалын тигізетін болады.
Орайы келгенде айта кетейік, тұсауы кесілген кəсіпорын сағатына 160, жылына 200 мың тонна асфальт өндіреді деп отыр сала мамандары. Бұл – əлемдік стандарттарға сəйкес келетін, облыстағы тұңғыш заманауи асфальт зауыты.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан Ұлытау облысының əкімі Берік Əбдіғалиұлы кəсіпорын облыс аумағындағы жол құрылысына сапалы өнім беретін бірден бір орын болатынын атап өтті.
– Біз биыл бір Жезқазғанның өзіне көшелер мен аулалардың жол құрылысы үшін 6.5 миллиард теңге қаражат бөліп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, осы жылы облыс орталығының 57 көшесі қамтылады. Оған қоса, Сəтбаев қаласының жолдары да сапалы өнімдерімізбен салынады деген сенім мол, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Кəсіпорында қазіргі уақытта 16 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта 60 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. «Самға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Батырбек Битасов аталған зауыттың өзгелерден ерекшелігі – өндірілген өнімнің фильтрлеуден өтетіндігінде, экологиялық тазалығында екенін жеткізді.
Айта кетейік, жаңа зауытты салу «Самға» ЖШС бастамасымен, «Даму» кəсіпкерлікті дамыту қоры жəне «Халық» банкінің жартылай қолдауы арқылы жүзеге асты.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.