Қарсақбайда – жаңа спорт кешені
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында Ұлытау ауданы, Қарсақбай кентінде жаңадан бой көтерген 100 орындық денешынықтыру-сауықтыру орталығы салтанатты жағдайда пайдалануға берілді. Спорт кешенінің құрылыс жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жүргізілді. Мердігер компания – «Самға» ЖШС.
Ел сұранысын өтейтін еңселі ғимараттың тұсаукесерінде аудан әкімі Советбек Медебаев қарсақбайлықтарды жаңа спорт-сауықтыру кешенінің ашылуымен құттықтап, кешен басшысына 300 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Кент тұрғындарының мерейлі қуанышын бөліскен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, облыстық мәслихаттың депутаты Ерден Халилин, аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол Мырзабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Тоңболат Мұқанов, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бокс секциясының жаттықтырушысы Серік Мәшіріп жаңа ғимараттан әлем танитын спорт жұлдыздары шыға берулеріне тілектестігін білдірді.
Спорт кешенінің символикалық кілтін «Самға» ЖШС директорының орынбасары Бауыржан Қарабеков аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалинге табыс етті.
Жаңа нысанның лентасын аудан басшысы Советбек Медебаев пен облыстық мәслихаттың депутаты Ерден Халилин қиып, қазақы ғұрыппен шашу шашылды.
Жылу жүйесі орталық қазандыққа қосылған ғимаратта ауызсу талапқа сай тартылған. Мұнда волейбол және баскетбол ойындарына арналған үлкен зал бар.Сонымен қатар, бокс, каратэ, қазақ күресі секілді спорт үйірмелері жұмыс істейді.
Өз тілшімізден.