Қарсақбайда жүйелі жұмыстар жалғасуда
Бұдан соң аудан әкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ Қарсақбай кентіне арнайы барып, жергілікті халықпен кездесті. Ашық форматта өткен бұл жүздесу барысында тұрғындар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, шешімін күткен мәселелер бойынша аудан басшысына сауалдар жолдады.
Кент келбетін жаңартуға бағытталған жұмыстар
Кездесу барысында Қарсақбай кентінде соңғы уақыттарда атқарылған бірқатар жұмыстар тілге тиек етілді. Атап айтқанда, ауыл ішіндегі бұзылған ғимараттар мен қоқыстар жойылып, санитарлық тазарту жұмыстары қарқынды жүрді. Кентішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жасалып, жол қозғалысы қауіпсіздігі артқан, Байтасов көшесіне балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілген. Бұл әсіресе жас ата-аналар тарапынан жылы қабылданған жаңалық. Сондай-ақ, Қарсақбай кентінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ағымдағы жөндеу жұмыстары басталып, жаттығу барысының сапасын жақсарту көзделуде.
«Басталған істердің нәтижесін көріп отырмыз. Бұл – жүйелі жұмыстың көрсеткіші» – дейді жергілікті тұрғындар.
Тұрғындар өтініші – басты назарда
Кездесу кезінде кент халқы жарықтандыру мәселесін көтеріп, жасөспірімдерге арналған шағын футбол алаңын салуға қаржы бөлінсе деген тілегін жеткізді. Аудан әкімі бұл ұсынысқа орай кент әкімдігіне тиісті сметалық құжаттаманы әзірлеуді тапсырды. Қаржыландыру мүмкіндіктерге қарай келер жылдарға жоспарланатынын атап өтті.
Маман тарту – инвестиция есебінен
Жергілікті кадр тапшылығын шешу бағытында жеке кәсіпкердің қолдауымен екі пәтерлі тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Аудан басшысы бұл бастамаға оң көзқарас білдіріп, жер құжаттарының рәсімделіп жатқанын айтты.
Жол жөндеу – басты назарда
Аудан әкімі Қарсақбай кентінен теміржол станциясына дейінгі жол және Болман ақын мен Сәтбаев көшелеріндегі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскелерді мердігер және техникалық қадағалаушы ұйымдармен бірге аралап, жұмыс сапасына назар аударды. Кент әкімдігіне лабораториялық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы ұйыммен шарт жасасуды тапсырды. Сонымен қатар, 2026 жылға жоспарланған жол жөндеу жобаларының сметалық құжаттарын дайындап, сараптамадан өткізуді міндеттеді.
– Жол сапасы – тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады, – деді аудан әкімі.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындардың белсенділігіне алғыс білдіріп, халықпен кері байланыстың әрдайым маңызды екенін, мұндай ашық форматтағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Мақала аудан әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпараттар негізінде дайындалды.