Ардақты ағайын! Құрметті аудан тұрғындары!
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін жəне ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл датаның тарихы – қазақ жұртшылығы үшін тым қасіретті. Ұлт тарихында «ақтаңдақ» аталған нəубетті жылдар аз болған жоқ. Əсіресе, өткен ғасырдың 30-50-ші жылдары халықтың қабырғасын қайыстырып, еңсесін езген оқиғаларды ұмыту, əсте, мүмкін емес. Бұл күні біз азапты кезеңдер құрбандарын еске алып, рухына тағзым етеміз. Өткенге ойша оралсақ, 1916 жылғы топалаң, одан кейін азамат соғысы, 1928-1929 жылдардағы мал-мүлікті тəркілеу, 1931-1932 жылдардағы ашаршылық, 1937-1938 жылдар үлесіндегі саяси-қуғын сүргін – осының бəрі исі қазақты баудай түсірді. Бірақ, маңдайалды асылдарын жоғалтқан қазақ қанша зұлмат болса да, тағдырдың қыл көпірінен аман өтті. Уақыт өте келе етек-жеңін жиды. Іргелі Тəуелсіз ел болды.
Кейінгі ұрпақ нəубет жылдары Отанына кіршіксіз адалдығын сақтап, қиыншылықты қайыспай көтере білген есіл ерлердің жарқын бейнесін мəңгі ұмытпайды.
Кешегі кеңес Үкіметінің солақай саясатына қарсы Ұлытау төңірегінде әртүрлі дүмпулер орын алды. Соның бірі Байқоңыр ауылында болған тарихта «Лақ көтерілісі» орын алғандығы белгілі. Бертін келе, арнайы мемариалды тақта орнатылып, бүгінгі күні ұрпақтары бабалар рухына тағзым етуде. Сол уақыттарда аудан көлемінде қаншама адам атылып, айдауға кетті. Солардың қатарында халқымыздың бетке ұстар ақыны Тайжан Қалмағанбетов те бар. 2020 жылдың 31 мамыр күні Қаракеңгір ауылында ашарлық және қуғын-сүргін құрбандарына арналған қорымға арнайы белгі қойылды. Мұндай тарихи оқиғалар ауданымыздың төңіреген аз болған жоқ.
Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болған азаматтар тарихта өшпес із қалдырды. Олардың туған елі мен жеріне сүйіспеншілігін өскелең ұрпаққа жеткізе отырып, патриоттық сезімін ояту – басты міндет. Қазіргі таңда өркениетті елдер қатарына қосылуды мақсат тұтқан егемен елдің бүгіні оңай келмегенін жас ұрпақ біліп жүруі тиіс.
Бабалар рухы қолдап, Тəуелсіз елдің əр таңы нұрлы болғай!
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау ауданының əкімі.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
аудандық мəслихаттың төрағасы.