Қарағанды облысында бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылды
Қарағанды облысында бастауыш сынып оқушыларының барлығына тегін ыстық тамақ беріледі. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Осыған дейін жоспарлағанымыздай 1 қыркүйектен бастап, барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Оның ішінде бастауыш сыныптардың 86 919 оқушысы және жалпы білім беру қоры есебінен қамтамасыз етілген 12 882 бала бар. Мұндай тәжірибе еліміздің бірқатар өңірлерінде әлі де енгізілмегендігін атап өткен орынды», — деді Жеңіс Қасымбек.
Аймақ басшысының жазуынша, мектептерде перспективалық маусымдық екі апталық мәзір жасалған. Ас мәзірін әзірлеу барысында оқушылардың мектепте болу ұзақтығы және балалардың жас ерекшеліктері ескерілген. Сондай-ақ, мектептерде қамқоршылар кеңесі, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігінің өкілдері мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен тамақтану сапасын мониторингілеу бойынша комиссиялар құрылды. Тамақтардың сапасы күнделікті органолептикалық бақылаудан өтеді. Бұдан бөлек, облыс әкімі жекелеген мектептерде оқушыларға ұсынылатын ас мәзірінің сапасына қатысты сындардың ескерліп, жуық арада түзетілетінін айтты.
«Өкінішке қарай кейбір мектептерде тамақтың сапасына байланысты ескертулер бар. Дегенмен бұл жағдайлар түзетіледі. Мектептегі түскі астың сапасы талапқа сай болуы керек», — деді аймақ басшысы.