Қарағанды облысында 200-ден астам қылмыс бейнекамералардың көмегімен ашылды
Қарағанды облысы бойынша құқықтық тәртіпті қорғау үшін 10 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Өткен жылы олардың көмегімен 200-ден астам қылмыс ашылып, 27,5 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу мүмкін болды. Сонымен қатар, қылмыстың алдын алуда полиция қызметкерлеріне қарағандылықтар мен еріктілер көмектеседі. Облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кезекті ведомствоаралық комиссияда полицейлердің қоғаммен өзара іс-қимылы және құқықтық тәртіп қызметін материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелері талқыланды.
Бүгінде өңірде 603 учаскелік инспектор және олардың 23 көмекшісі жұмыс істейді. Басым міндеттердің қатарында кісі өлтірудің, қайталама, тұрмыстық және мүліктік қ
ылмыстардың алдын алу бар. Бұл бағытта тиімді жұмыс істеуде қоғамның көмегі әрқашан бағаланды. Пандемияға байланысты халықпен ынтымақтастық құру онлайн режиміне өтті. Чаттар құрылды, оған ПИК төрағалары мен тұрғындар кірді. Шағын және орта бизнес өкілдерімен ақпарат алмасу үшін ұқсас чат бар.
Өткен жылдың қазан айында «Әмбебап нөмір» қызметі пайда болды. Енді кез келген қарағандылық учаскелік инспектордың ұялы телефонына қалалық нөмірден тегін қоңырау шала алады.
— Облыста құқық қорғау бағытында 135 қоғамдық құрылым құрылды. Өткен жылы олардың қатысуымен 70-тен астам қылмыс ашылып, мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ерекше көзге түскен ерікті көмекшілер марапатталды, — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Арман Оразбаев.
Еріктілер полицияға үлкен көмек көрсетеді. Олар жоғалған адамдарды іздеуге, тұрмысы нашар отбасылармен жұмыс істеуге қатысады, рейдтерге шығады.
Белгілі болғандай, қылмыстың алдын алу және оны ашуда полиция қызметін материалдық-техникалық жабдықтау да маңызды рөл атқарады.
— Бұл мақсатқа былтыр және биыл облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Бұл бізге патрульдік полицияның қызметтік автопаркін 75%-ға жаңартуға мүмкіндік берді. Бүгінде патрульдік полиция қызметкерлерінің 70%-ы және учаскелік инспекторлардың 50%-ы ІІМ ақпараттық жүйелеріне қолжетімді планшеттермен қамтамасыз етілген, — деді Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Қайыркен Әлиев.
Өткен жылдың желтоқсан айында Қарағанды патрульдік полициясы JAK маркалы 90 автокөлікпен толықты. Жеке құрамды ауыстыру үшін бес автобус сатып алынды. Қарағанды мен Теміртау үшін эвакуаторлар бөлінді.
Сондай-ақ, EkinPatrolG2 тоғыз мобильді аппараттық-бағдарламалық кешені пайдалануға берілді. Бүгінде елімізде олардың баламасы жоқ. Кешеннің жұмысы барысында 33 717 бұзушылық анықталып, 258 млн теңгеге айыппұл өндірілді.
«Полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидатын ұстана отырып, модульдік учаскелік пункттер мен стационарлық полиция бекеттері орнатылады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камераларымен жабдықтау жұмыстары жалғасады. 2021 жылы тағы үш мыңнан астам камера пайда болады.
— Өткен жылы қаржыландыру ұлғайтылды. Көптеген автотехника келді, төске тағатын бейнетіркегіштер, мобильдік бейнетіркеу кешендері сатып алынды, — деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. — Сатып алулардың өзектілігіне және бюджет ақшасы шығыстарының оңтайлылығына ерекше назар аударуларыңызды сұраймын.