Қант диабетін емдеу мен бақылау МӘМС жүйесіне ауыстырылды

2025 жылғы 14 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған Заңға қол қойды. Заң аясында 2026 жылдан бастап халықаралық тәжірибеге сәйкес қант диабетімен ауыратын науқастарды емдеу және диспансерлік бақылау міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ауыстырылады.

Бұл өзгеріс пациенттердің құқықтары мен медициналық көмекке қолжетімділігін шектемейді. Керісінше, медициналық көмекті қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, емдеу сапасын арттыруға, заманауи медициналық технологиялар мен тиімді терапия әдістерін кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы түсіндірді.
Қант диабеті — ағзада инсулиннің жетіспеушілігі немесе оның дұрыс әсер етпеуі салдарынан қандағы қант деңгейінің тұрақты жоғарылауымен сипатталатын созылмалы ауру. Ауру негізінен 1-тип және 2-тип болып бөлінеді. Ол ұзақ уақыт бойы белгісіз өтуі мүмкін, алайда бақылаусыз қалған жағдайда жүрек-қантамыр жүйесінің, бүйректің, көру мүшелерінің және жүйке жүйесінің зақымдануына әкелуі ықтимал.
Ауруды тиімді бақылауда ұстау үшін дұрыс тамақтану, физикалық белсенділікті арттыру, қандағы қант деңгейін тұрақты түрде бақылау және дәрігер тағайындаған емді уақытылы қабылдау маңызды. Қазіргі таңда Қазақстанда қант диабетімен ауыратын шамамен 500 мыңға жуық адам бар.
Электрондық диспансерлік тіркеу базасының деректеріне сәйкес, Ұлытау облысында қант диабетімен ауыратын 7085 пациент тіркелген. Олардың 91-і — 18 жасқа толмаған балалар. Осы санаттағы науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 2025 жылы МӘМС жүйесі аясында шамамен 666 млн теңге қарастырылған.

Қант диабеті толық жазылып кететін аурулар қатарына жатпайтындықтан, пациенттер дәрігер бақылауында болып, тұрақты медициналық тексеруден өтіп отыруы қажет. 2026 жылдан бастап қант диабеті бар азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің барлық түрі МӘМС жүйесі аясында жүзеге асырылады. Атап айтқанда, дәрігер қабылдауы, қажетті зертханалық талдаулар мен тексерулер, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін қосымша төлем жасау талап етілмейді. Бұл ретте пациенттің МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесінің болуы негізгі талап болып табылады.
Бүгінгі таңда МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебеге ие болу сапалы әрі уақтылы медициналық көмектің негізгі кепілі саналады. Осыған байланысты әрбір азамат өз сақтандыру мәртебесін тұрақты түрде тексеріп отырғаны маңызды.
Қазіргі уақытта сақтандырылған мәртебені анықтау үшін медициналық немесе мемлекеттік мекемелерге барудың қажеті жоқ. Бұл қызметтер смартфон арқылы қолжетімді. Азаматтар Telegram желісіндегі SaqtandyryBot, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайты msqory.kz, Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы, eGov.kz порталы мен eGov mobile қосымшасы, сондай-ақ Kaspi, Halyk, БЦК, Freedom, Bereke, Home CREDIT, Евразийский банк, ForteBank банктердің мобильдік қосымшалары арқылы өз мәртебесін оңай тексере алады.
МӘМС жүйесіне қатысты сұрақтар туындаған жағдайда Ұлытау облысының тұрғындары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалына Жезқазған қаласы, Холмецкий көшесі 80 «А» мекенжайы бойынша немесе 8 (7102) 99-61-93 байланыс нөмірі арқылы хабарласа алады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының баспасөз қызметі.