Аналар – құрмет биігінде
Көктемнің көрікті мерекесі – Халықаралық əйелдер күніне орай аудан орталығында өткізілген іс-шаралар мол. Соның бірі – «Ана – өмірдің шуағы» атты мерекелік шара. Оған аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ арнайы қатысып, аудандық мəдениет үйінде аяулы аналарды, əр салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді мерекелерімен құттықтады.
– Əйел – өмірдің гүлі. Отбасының ұйтқысы. Сіздердің əрқайсыңыз кəсіби қызметте елеулі табыстарға қол жеткізіп, кəсібіңізге қамқорлық танытып, өңірдің көптеген салаларының дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Сонымен қатар, сіздер отбасындағы жайлылық пен берекенің орнауына, өсіп келе жатқан балаларды мейірім мен жылуға бөлеп, шаңырақ шаттығына бөленуімізге ықпал етесіздер. Сондықтан, сіздер қандай мақтауға, қандай марапатқа болсын лайықсыздар!
Бүгінгі мереке – ерлеріміздің сіздерге өз сезімдері мен ризашылықтарын білдіретін күн. Сіздердің даналықтарыңыз, төзімділік пен парасаттылық, еңбексүйгіштік қасиеттеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Əр істеріңіз сəтті болып, жақындарыңыздың жылуы мен ыстық пейіліне бөлене беріңіздер, – деді аудан əкімі.
Сөз соңында аудан басшысы ҚР Президентінің 2023 жылғы 25 желтоқсандағы №421 Жарлығына сəйкес, көпбалалы ана Динара Сұлтановаға «Күміс алқа» белгісін табыс етті. Марапаттау рəсімі одан кейін де жалғасып, Ұлытау облысының қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны жəне əлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен адал еңбегі үшін Ұлытау ауданының үйлерге əлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің əлеуметтік қызметкері Нұргүл Жақыпбекова, №1 Ұлытау тірек мектебінің физика пəні мұғалімі Раушан Байсалбекова – Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлының Алғыс хатына – Мибұлақ ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Туғанай Амантаева, №6 Жезді тірек мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Динара Əбдікенова, Қоскөл ауылдық округі əкімі аппаратының бас маманы Айнагүл Тəкеева ие болды.
Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен Ақтас кентіндегі №12 негізгі орта мектебінің директоры Шынархан Күнболатова, сарысулық көпбалалы ана Гүлбадам Жантасова марапатталды. Сонымен бірге, өзге де бірқатар қыз-келіншекке аудан əкімінің Алғыс хаты табысталды. Марапатқа ие болғандардың қатарында аудандық мəдениет үйінің қызметкері Лəззат Болжекенова, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының экскурсия жетекшісі Қымбат Мағзұмова, Жанкелді ауылдық округінің ветеринариялық станциясының фельдшері Ақжарқын Жексенбаева, Ұлытау аудандық прокуратурасының техникалық қызметкері Айнұр Айтбаева, аудан əкімдігі аппараты мемлекеттік мекемесінің құжаттамалық қамтамасыз ету, ақпараттық технологияларды дамыту жəне мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау бөлімінің инспекторы Мөлдір Жаппасова бар.
Бұдан соң, өңірдің əлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, өз саласының саңлағы атанған бір топ нəзік жандарға түрлі деңгейдегі төсбелгілер табыс етілді. «Үздік депутат» төсбелгісімен – Ұлытау аудандық мəслихатының депутаты Зəуреш Балшықбаева, ҚР Іскер əйелдер қауымдастығының төсбелгісімен аудандық білім бөлімінің экономисі Гүлнар Жұмабекова, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының қор сақтаушысы Бақытгүл Баймағанбетова марапатталды.
Салтанат барысында аудан əкімі Аманжол Мырзабеков, аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов бастаған топ қыз-келіншектерге, əйеланаларға құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын сыйлады. Сөйтіп, сол күнгі шарада жүрекжарды лебіздер əйелдер қауымына арналып, асыл жандар алқызыл гүлге оранды. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен əлемді тербеген» əйел-аналардың құрметіне арналған кеш соңы жергілікті өнерпаздардың əн-жырына ұласты.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.