«Алашорда ісі. 1920-1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» атты 12 томдық жинақ жарық көрді
Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Facebook парақшасында жариялады.
Жаңа басылым – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы барысында жиналған бірегей архив құжаттарынан тұратын жинақ.
Жинақты дайындауға 30-дан астам тарихшы, архивші және археограф атсалысқан. Олардың қатарында ҚР Президенті архивінің, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қызметкерлері бар.
Жобаның ғылым жетекшісі – ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев. Басылымға партиялық-мемлекеттік құрылымдарда және арнаулы мемлекеттік архивтерде арнайы сақталған 3 мыңнан астам материал енген.
«2 мың данамен жарық көрген жинақ еліміздің оқу орындары мен ғылыми мекемелеріне таратылады. Осылайша, Қазақстан тарихын одан әрі зерделеу және елдің тарихи жадын сақтап, нығайту тұрғысынан өте маңызды және аса құнды бірегей материалдар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді», – дейді Е. Қарин.