Алғашқылардың бірі

Жезді марганец кенішінде алғашқылар легінде еңбек еткен қазақ жұмысшыларының бірі – Мүшат СƏРСЕНБАЕВ. Жезді музейі қорында сақталған деректерде бұрғылаушы мамандығын меңгеріп ерен еңбек үлгісін көрсеткен М.СƏРСЕНБАЕВТЫҢ өз аузынан жазылып алынған дерек сақталған. Түпнұсқа орыс тілінде жазып алынған.

М.Сəрсенбаев 1943 жылы кеніштің №3 учаскесінде бұрғылаушы болып жұмыс істеген. Алғашқы жерасты шахталары сол кезеңде іске қосылғанын ескерсек, марганец кенішінің тұңғыш бұрғылаушыларының бірі деп айта аламыз. Ол жайында ардагер өзінің көзі тірісінде жазып қалдырған естелігінде де айтқан.

«Мен шахта ашылған кезден бастап 3 учаскеде бұрғылаушы болып жұмыс істеймін, сол уақыттан бері перфоратормен бұрғылау техникасын жетік меңгеріп, біраз тəжірибе жинадым. Бұрғылау барысында жұмысты жеңілдету үшін перфораторды бекітетін автоматты баған (колонка) қолданамын. Кен жыныстарын проходкалау, бұрғылау жəне аттыру əдісімен жүргізгенде забойда (жерасты) оқпандар (шпур) дұрыс орналасуы маңызды. Оқпандардың орналасуы өз кезегінде тау жыныстарының физикалық қасиеті мен кен желісінің геологиялық таралуына байланысты. Мен өз жұмысымда тиімділік үшін осы ерекшеліктерді ескеремін. Өндірісте бұрғылау жоспарының тиімді əрі қарқынды орындалуы көбіне жұмыс кестесінің тығыздығымен байланысты.

Жұмыс уақытында бұрғылау құралдарымен қажетті жабдықтардың қалыпты жұмыс істеп, бұзылмауын басты назарда ұстаймын. Ауысымда екі перфораторды қатар қолданамын. Біреуімен жұмыс істесем, екіншіні резервте ұстаймын. Бұрғылауға көлемді коронкалар қолданамын. Бұрғылау барысында олар қосымша қайрауды қажет етпейді əрі олар жұмысты жеделдетеді. Уақыт өткізбей, тиімді жұмыс атқарасың. Бұрғылаушының көп уақыты бір забойдан екінші забойға өтуге кетеді. Уақытыңды жоғалтпай жұмыс атқару үшін мен тау-кен бақылауынан (горный надзор) жұмыс орындарының уақытылы дайын болуын талап етемін. Бақылау жұмысы ол талапты үнемі орындайды.

Мемлекеттік жоспарды асыра орындау жөніндегі социалистік жарысқа қатыса отырып, мен 1953 жылдың кен өндіру міндеттемесін сентябрь айында орындап шықтым. Еңбек еткен осы жылдар ішінде 20 жас маманды бұрғылаушылыққа үйреттім. Шəкірттерімнің бəрі стахановшылар қатарында. Учаске бойынша қабылданған социалистік міндеттемеге сəйкес, 1954 жылдың І тоқсанында кен өндіру жоспарын 115 процентке орындау үшін мен күндік жоспарымды 150 проценттен кем орындамауға міндеттендім».

7.01.1954 ж.

Естелік қолжазба музей қорында №12654 санды экспонат болып тіркелген