Аймақ басшысы Жезді, Қарсақбай кенттерінде болды

Аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы мен облыстық мәслихат хатшысы Бауыржан Шыңғысов бүгін жұмыс сапарымен Ұлытау ауданының Жезді, Қарсақбай кенттерінде болды.
Жезді кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр.
Құрылыс жұмысының созылуына байланысты қазір жобалық құжаттарға түзетулер енгізілуде. Тиісті рәсімдер аяқталған соң мердігер құрылысты жалғастырады.
Кенттегі күрделі жөндеуден өтіп жатқан ауылдық бөлімшелік аурухана да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Денсаулық сақтау саласы қызметкерлері, жергілікті қауымдастық өкілдеріне өңір басшысы қазір жаңа облыстың бюджетін бөлу жұмысы басталып жатқанын, аурухана жөндеуіне осыған дейін 328 млн. теңге жоспарланғанын, сол қаражат Ұлытау облысының бюджетіне бөлінетінін, мердігерлер алдындағы міндеттеме орындалатынын жеткізді.
«Бүгін жұмыс барысымен танысуға келдім. Жаңа облысты ұйымдастыру жұмыстары реттелген соң арнайы келіп, халықпен кездесу өткіземін»,-деді өңір басшысы.
Қарсақбай кентінде де денешынықтыру-сауықтыру кешені салынған. Кешенге жеке жылу қазандығын орнату жоспарланып отыр. Облыс басшысы нысанды балансқа қабылдау жұмысын жеделдетіп, күтіп, ұстау мәселесін шешуді тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі