Айбынымыз – Ата Заң

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет атанды. Бұған дейін де осынау ұлан-ғайыр мекенде талай мемлекет шаңырақ көтеріп, біраз уақыттардан кейін тарих сахнасынан әртүрлі себептер әсерімен біржола өшкенін білеміз. Бұл мемлекеттік бірлестіктердің халқының басым бөлігі ежелгі түрік халықтары болды. Түрлі тарихи жағдайларға байланысты мемлекеттер пайда болып, жойылып отырды. Ал, халық жаңа жағдайға қашанда қарсылық көрсетіп, өз әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, басты байлығы – тілін өжеттігімен сақтай біліп, ұрпақтан ұрпаққа қымбат қазына ретінде жеткізіп отырды. Ежелгі Сақ тайпалары: Ғұн, Үйсін, Қаңлы мемлекеттері, Түрік қағанаты, Дешті-Қыпшақ одақтастығы Қазақстан территориясын мекендеген қазақтардың мемлекеттері болды.

Қазақ халқының атауымен аталған Қазақ хандығы 500 жылдай өмір сүрді. Міне, осы мемлекеттердің бәрі де бүгінгі Қазақстан Республикасының байырғы халқы – қазақтардың әр кезеңдегі мемлекеттік бірлестіктері болған деп айта аламыз.

Қазақстан жерінде бұған дейін өмір сүрген мемлекеттік құрылымдардың бүгінгі тәуелсіз республикамызға тікелей қатысы бар. Осы қасиетті жерде қазіргі қазақтардың ата-бабалары өмір сүрді және байтақ территорияны болашақ ұрпақтары үшін жан-тәнімен қорғап, үлкен өркениеттің іздерін қалдырды. Қазақстан жерінде өмір сүрген түрлі мемлекеттер, белгілі бір заңдылықтарға сәйкес пайда болып, гүлденіп, сонан соң дағдарысқа ұшырап, тарих қойнауына кетіп отырды. Олардың пайдаға асар тәжірибелері мен сабақ болар үлгілері – келер ұрпақ үшін де қажет дүниелер.

Қазақ халқының дамуының әр кезеңдерінде Ата Заңдары болған және қазақ қоғамының көшпенді өмірі мен феодалдық құрылысының жалпы ықпалы қазақ халқының сол замандағы Ата Заңы — әдетғұрып құқығына тікелей әсер етті.

Аттары аңызға айналған Аяз биден бастап, Абай мектебінің аралығында өмір сүрген әр заманның тұлғалары, би-шешендер ел болашағын ойлап, еліне ой салып, халық болып қалыптасуына әсер етті. Елін тәрбиелеп, оның рухына айналды. Олар «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген ұстанымды ту етті.

Азаматтықты, тәуелсіздікті, шындықты ту еткен Төле, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке билер «Әділ бидің елін дау араламайды, әділ патшаның елін жау араламайды» дегендей, тек әділдікке жүгінді. Осы атақты билер қара халықтың рухы болып, басында хандық құрылымның, одан кейінгі отарлау аппаратының өктемдігін тежеп, шектей білді. Халық арасындағы «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қанатты сөздің тууына себепкер болған да осы атақты билер.

Қазақ хандары мен белгілі билері әдет-ғұрып құқығының нормаларын жүйелеп жетілдіріп, қоғамның талаптарына орай өзгерістерге ұшыратып, оларға ресми сипат беріп отырды. Қасым ханның кезіндегі (1510-1523) «Қасым ханның қасқа жолы», Есім ханның кезіндегі (1598-1628) «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның кезіндегі (1680-1718) «Жеті жарғы» атты заңдар жинағы – қазақ халқының өз заманындағы Ата Заңдары болды.

Белгілі ғұлама-ойшыл әрі би, ұлы Абай дайындаған 13 баптан тұратын «Ережені» 1885 жылы мамыр айында Семей облысының Қарамола дейтін жерінде бес дуан елінің билері мен құрметті адамдары бас қосқан съезде қабылдады.

Тұңғыш заң магистрі, Омбыда Сот палатасының судьясы және Семей округтік сотының мүшесі қызметін атқарған, Әділет министрі ретінде Алаш мемлекетінің Конституциясын дайындаған заңгер – жерлесіміз Жақып мырза Ақбаевтың да есімін атап өту қажет.

1995 жылдың 30 тамызында ел Конституциясының қабылдануы қоғамды әрі қарай дамыту үшін объективті қажеттілік және Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуінің бастауы болды. Атап айтқанда, Конституцияның 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» деп жариялады.

Ата Заң – барлық құжаттардың қайнар көзі және бастауы. Кез келген мемлекеттік орган, мекеме, ұйым Конституцияны басшылыққа ала отырып, өз қызметтерін жүзеге асырады. Ата-бабаларымыз қаншама қиындық пен тосқауылды бастан өткерсе де, халықтың мықты ерік-жігерінің арқасында көп жылдар бойы арман етіп, аңсап келген Тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуелсіз Отанымыздың Тұңғыш Президенті сайланып, дербестігімізді растайтын мемлекеттік рәміздерімізді бекіттік.

Еліміздің Негізгі Заңы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өзінің өміршеңдігін және белгілі дәрежеде болып жатқан өзгерістерге икемділігін дәлелдеп шықты. Оның басты қағидалары барлық халықаралық стандарттарға сай келеді, қоғам мен мемлекетті дамытудың қазіргі кезеңдегі негізгі үрдістерімен үйлеседі.

Демократия – халық билігі, ол өз билігін еркін сайлау арқылы жүзеге асырып, өкілдерін билік орындарына ұсынады, солар арқылы мемлекет басқарылады. Конституция өте түсінікті тілде билік көзі халық екендігін, тек көптің тілеуі, соның мүддесі биік екенін норма түрінде бекітеді.

Ата Заңда көрсетілген саяси, әлеуметтік, экономикалық және құқықтық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған мақсаттар Тұңғыш Президент – Елбасының «Қазақстан жолы — 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында мәлімделген кең тынысты бағдарламасын орындау арқылы жүзеге асырылмақ.

Ата Заңымыздың қағидаларында сот билігі Қазақстан Республикасындағы біртұтас биліктің бір тармағы ретінде танылды. Соттар мен судьялардың мәртебесі заңнамалық тұрғыда белгіленді. Қазақстан Республикасында сот төрелігін сот қана жүзеге асырады. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Конституцияның, заңдардың, өзге де нормативтік-құқықтық актілердың, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамыз етуге қызмет етеді.

Республикада сот жүйесін нығайту бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Сот төрелігін іске асырудың тиімділігі азаматтардың мемлекеттік құқықтық саясатқа деген көзқарасына және қоғамның билікке деген сенім деңгейіне байланысты. Мықты әрі тәуелсіз сот билігі – мемлекет және азаматтық қоғамның үйлесімді өзара қатынасының түбегейлі кепілдерінің бірі, азаматтардың құқықтарын қорғаудың басты құралы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановты қабылдау барысында сот шешімдерінің сапасын арттыру және азаматтардың өтініштерін мұқият әрі әділ қарау қажеттігін айтты. Президенттің пікірінше, судьялардың құзыреттілігін және оларды іріктеу тетіктерінің ашықтығын қамтамасыз етуге қойылатын талапты ерекше назарға алу керек. Ол «мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы құқықтық дауларды шешу механизмі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу маңызды міндет саналады» деген еді.

Сонымен, Ел басшысы әділ және қиянатқа бармайтын сот демократиялық және құқықтық мемлекеттің ең маңызды негізі екенін атап көрсетіп, еліміздің сот жүйесі алдына бірқатар нақты міндеттер қойды. Елімізде сот реформасы жүріп жатыр. Соның нәтижесінде бүгінде озық елдер үрдісі мен үлгісіне ұмтылған тәуелсіз сот билігі, сондай-ақ, сот төрелігін жүзеге асырудың өркениетті жүйесі қалыптасты. Сот жұмысын халық үшін барынша ашық және жария ету жолында Жоғарғы Сот пен барлық соттардың бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз кәсіби байланысы орнатылды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ, жекелеген тұлғалар сот қаулыларымен, соттардың іс-тәжірибесінің үлгілерімен Жоғарғы Соттың веб-сайты арқылы танысу мүмкіндігін алды.

Қазіргі уақытта «Жаңа сервис – «Сот кабинеті» арқылы сотқа электронды түрде талап-арыз, шағым, өтініш беруге, мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеуге, сот құжаттары мен жалпы сот ісіне қатысты бaрлық құжаттарды осы тәртіп арқылы қадағалап отыруға болады. Пайдаланушы қалаған уақытында сот құжаттарын қарап, іс бойынша сот актілерін басып шығара алады. Ақпараттық сервистерді қолдану, сот кеңсесі қызметкерлерінің ғана емес, сотқа жүгінетін адамдардың да уақытын үнемдейді және соттың ашықтығын іске асырады. Азаматтардан соттарға толассыз түсіп жатқан өтініштер санының артуы халықтың сот жүйесіне деген сенімін, олардың өз мүдделерін қорғау үшін сотқа арқа сүйейтінін көрсетеді.

Осылайша, халықтың өз құқықтары бұзылған кезде қорғаныш іздеп жүгіне алатын сенімді орган – соттар болып отыр.

Біздің міндетіміз – жасымызға, ұлтымызға, саяси, діни және идеялогиялық танымымызға, атқаратын қызметімізге қарамастан, Ата Заңымыздың қағидаларынан ауытқымау және заң нормаларын бұлжытпай орындау.

 Ата Заңымыз ғасырлар төскейінде тағдыры тоғысқан көпэтносты еліміздің баға жетпес қымбат қазынасына айналып отыр. Ол қабылданғаннан кейінгі кезеңде Қазақстан құлашын кеңге сермеп, өзінің қуаты мол, нарықтық экономикасы бар демократиялық мемлекет екенін әлемге танытты. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы мемлекетіміздің одан әрі өркендей беруіне қызмет ете бермек. Әрбір Қазақстан азаматы мемлекетіміздің шаңырағын көкке көтеру үшін басты заңды құрметтегені жөн.

Осынау уақыт аралығында мемлекетіміз іргесін мықтап қымтап, болашағына жол ашты. Ендігі міндет – атқарылған жұмыстарды талдау, өзгерістер өлшемін дәйектеу, алда тұрған міндеттерді саралау. Бұл – Тәуелсіздік туын тік ұстаудың кепілі болмақ. Осы орайда, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларының табысты болуы, көбіне, мемлекеттің құқықтық жағдайына тікелей байланысты екенін айта кеткен жөн.

Ал, соттар мемлекеттің негізгі құқықтық институты екенін ел Президенті өз Жолдауында атап өтті. Ендеше, азаматтар үмітінің ақталуы, олардың әділеттікке деген сенімі сот қызметімен тығыз байланысты.

Қорыта айтқанда, еліміздегі оң өзгерістердің барлығы – Конституция аясында іске асырылып жатқан игі бастамалар. Олай болса, ата-бабаларымыз аңсаған еркіндік пен теңдікке қол жеткен егемен еліміздің елдігін таныту бүгінгі ұрпақ – сіз бен бізге сын екендігін ұмытпайық!

Жұмағұл ШӨЖЕНОВ,
Ұлытау аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы