АДАМ МИЫНАН ЖҰДЫРЫҚТАЙ ІСІК АЛЫНДЫ
Ұлытау облысының нейрохирургтары алып ми ісігіне күрделі ота жасап, 40 жастағы келіншекті мүгедектіктен сақтап қалды. Ісіктің көлемі 6 см құрады.
Ми ішіндегі ісік науқастың өміріне үлкен қауіп төндірді. Өйткені, бүған дейін ол ес-түссіз жағдайда реанимацияға да түскен еді.
– Өз туған күнімде комаға түстім. Басым ауырып, сәл дем алып алмақшы
болдым. Сөйтіп қалың ұйқыға кетіппін. Үйге жиналған қонақтар мені оята алмаған соң, жедел жәрдем шақыртыпты, – деген жезқазғандық Назымгүлдің есін жиғызған нейрохирургтар ми ісігі диагнозын қойған. Ісіктің қатерлі немесе қатерсіз екенін анықтау үшін биопсия алған.
Талдау нәтижесі дайын болғанға дейін келіншек емханадағы отбасылық дәрігері арқылы күрделі отаға дайындалды. МРТ жасатып, ондаған анализ тапсырды. Сөйтіп жоспарлы отаға жолдама берілді.
Қатерсіз ісіктің ми ішінде орналасуы және оның мөлшері нейрохирургтардан жоғары біліктілік пен дәлдікті талап етті. Ісік қол жетімділікті қиындататын және қауіпті аймақта орналасты. Дәрігерлердің бір сәтсіз қимылы науқасты мүгедектікке, тіпті өлімге апарар еді. Алайда, Жезқазған қаласының облыстық көпсалалы ауруханасы нейрохирургтарының тәжірибелі командасының арқасында операция сәтті өтті. Қазір науқастың жағдайы жақсы, барлық жүріп-тұру, ойлау қабілеті сақталған.
Айта кету керек, аурудың диагностикасы және ота МӘМС аясында жүргізілді.
Бұл жағдай медициналық тексерулерден тұрақты түрде өтіп тұрудың маңыздылығын тағы бір еске салса керек. Дертті ерте анықтау, емдеудің сәтті болу мүмкіндігін едәуір арттыратынын ұмытпаған жөн.
Мұндай оталарды ақылы түрде жасату 1,3 млн теңгені қажет етеді. Ал сақтандырылған азаматтар үшін ота қосымша шығынсыз тегін негізде қолжетімді.
МӘМС жүйесімен бірге мүмкіндіктеріңізді кеңейтіңіздер!
Диана ОРАЗАЛИНА.