Адал жұмыс істейтін кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалады

Мемлекет басшысы Үкіметке қаржының жұмсалуын бақылайтын қатаң амал-тәсілдер енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президенттің айтуынша, тарифті өсіруден түскен қосымша қаржы тек қана коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуы керек. Сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуға және жұмысшылардың жалақысын көтеруге бағытталуы қажет.

«Монополистердің міндеттері мұқият нақтыланып, толығымен орындалуға тиіс. Сондықтан Үкіметке қаржының жұмсалуын бақылайтын қатаң амал-тәсілдер енгізуді тапсырамын. Оған цифрлық бақылау жүйесін де енгізу керек. Жұрт коммуналдық қызмет үшін төлеген ақшасы қайда кетіп жатқанын көріп отыруға тиіс. Қазіргі заманғы ақпараттық технология бұған толық мүмкіндік береді», деді Президент.

Сондай-ақ ол жанар-жағармайдың бағасын көтеру мәселесі туралы сөз етті.

«Түскен қаржыны делдалдар, яғни алыпсатарлар иемденіп кетпеуі қажет. Оны жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсау керек. Сондықтан Үкімет мұнай өнімдерінің бағасын қайта қарау кезінде мемлекетке төленетін салықты арттыру жөнінде қосымша шаралар қабылдауға тиіс. Жалпы тариф саясаты бойынша Үкіметке тауарлар мен қызметтерді реттейтін «тұтынудың әлеуметтік нормасын» енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл – халықаралық тәжірибе», деп қосты Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент барлық қаражат толығымен экономиканы дамытуға жұмсалуы қажет екенін атап өтті. Осы орайда ол қаржыны қайтарып, елімізді өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға қарата былай деді:

«Жаңа индустриялық жобаларға қаржы салыңыздар. Қазақстанда жаңа өндірістер ашып, жаңа жұмыс орындарын құрыңыздар. Сонда мұндай активтерге және оның иелеріне қатысты ешқандай мәселе туындамайды. Тағы да қайталап айтамын. Біз адал әрі ашық жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасаймыз», деді ол.