Абдалы УӘЛИНОВ, Алғабас ауылдық округінің әкімі: «Ауыл – ұлтымыздың өзегі»

Астана қаласында өткен ауыл әкімдерінің республикалық диалог-платформасы ауылды өркендету, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту, ауыл әкімдерінің мәртебесі мен жауапкершілігін арттыру мәселелеріне арналды. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған ауыл басшылары маңызды жиында өз тәжірибелерімен бөлісіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды дамытуға бағытталған тапсырмаларын тыңдап, жаңа міндеттерді айқындап қайтты.
Осы орайда, біз Алғабас ауылдық округінің әкімі Абдалы Уәлиновке хабарласып, форум жайлы әсерін, округтің бүгінгі жағдайы мен болашақ дамуы туралы ой бөліскен едік.

– Абдалы Қабенұлы, Астанада өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасына қатысып қайттыңыз. Жиыннан алған әсеріңіз қандай?
– Иә, бұл іс-шара өте ауқымды болды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің қызметіне жаңаша көзқарас қалыптастырып, жауапкершілікті нақты айқындап берді. Елдің әр аймағынан ауыл әкімдерінің арнайы келіп қатысуы – ауыл шаруашылығы мен жергілікті басқарудың мемлекет назарында тұрғанының айқын дәлелі. Меніңше, Президенттің ауылға деген қамқорлығы мен сенімі бізге жаңа серпін беріп, үлкен жауапкершілік жүктейді.
– Ел Президенті ауыл әкімдеріне қойылатын талаптарды айрықша атап өтті. Сізге бұл қалай әсер етті?
– Президенттің сөзінен әр әкім өз ісіне өте сергектікпен қарауы керектігі анық байқалды. Ауыл әкімі ең алдымен халықпен тікелей жұмыс істейтін маман. Қағаздағы жоспар емес, ауылдағы нақты өзгеріс, тұрғындардың әл-ауқаты – біздің ең басты көрсеткішіміз. Сондықтан жұмыстың барлығы шынайы нәтижеге бағытталуы тиіс.
– Алғабас ауылдық округінде қандай нақты мәселелер бар және оларды шешу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Біздің негізгі мәселеміз – бюджет кірісі мен шығысының теңгерімсіздігі. Ауылда кәсіпкерлік дамып келеді, шаруашылықтар да бар, бірақ түсетін салықтың көп бөлігі аудан мен облыс деңгейіне кетеді. Соның салдарынан инфрақұрылым, әлеуметтік нысандарды жөндеу немесе дамыту күрделірек.
Дегенмен біз қарап отырған жоқпыз. Шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативін құру, жергілікті кәсіпорындарды қолдау – басты бағыттарымыз. Алғабаста 47 шаруа қожалығы тіркелген. Мал шаруашылығы жақсы дамыған: ірі қара – 2526 бас, жылқы – 3877 бас, қой – 2986, ешкі – 1199 бас. Бұл – біздің ауылдың негізгі әлеуеті.
– Ауыл әкімдерінің тікелей сайлануы сіздің жұмысыңызға қалай әсер етті?
– Сайлау – сенім. Бұл ең алдымен халықтың берген бағасы. Сондықтан жауапкершілік бұрынғыдан да артты. Халық бізді таңдап, сенім артқаннан кейін, әр бастама, әр шешім – соған сай болуы керек. Ауыл әкімінің жұмысы тек құжатпен шектелмейді, күнделікті өмірде көрінетін нақты өзгерістер арқылы бағаланады.
– Президент атап өткен «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен «Цифрлық Қазақстан» жобасы сіздің округтің дамуына қалай ықпал етпек?
– Бұл бағдарламалар біз үшін үлкен қолдау. «Ауыл аманаты» аясында кооператив құруға, ауыл тұрғындарына тиімді несие беруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бар.
Ал цифрландыру – бүгінгі заман талабы. Ауылда интернет сапасын жақсарту, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету, шаруашылықтарды цифрлық жүйеге көшіру – біз қолға алып жатқан бағыттар. Бұл тәсілдер ауылдағы жұмыстың жандануына тікелей ықпал етеді.
– Соңғы сұрақ, ауылды дамытуда ең маңызды нәрсе не деп ойлайсыз?
– Ең маңыздысы – халық. Ауыл тұрғындарының мәселесін, сұранысын бірінші орынға қоймайынша, ешқандай жоба нәтиже бермейді. Жаңашылдық, жаңа тәсілдер, тың бастамалар – бәрі де халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға қызмет етуі тиіс. Әр әкімнің басты миссиясы – өз ауылын өмір сүруге жайлы, жұмыс істеп, табыс табуға қолайлы, болашағы бар мекенге айналдыру.
Алғабас ауылдық округі – тарихы терең, әлеуеті зор аймақ. 1952 жылы құрылған округтің жер көлемі 490 760 гектар, бүгінде 382 тұрғын бар. Бір мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, ФАП, ветеринарлық пункт, учаскелік полиция бекеті және шағын өрт сөндіру бөлімі халыққа қызмет көрсетуде. Бұл әлеуетті одан әрі дамыту – біздің ортақ міндетіміз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.