Аңырақай шайқасының аңызы мен ақиқаты  

2025 жылдың 15 тамызындағы «Сарыарқа» газетінің №31 санында Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазанбаев ағамыздың « Бұланты шайқасы»- атты мақаласы жарық көрді. Шайқастың 300 жылдығына орай, елге лайықты деңгейде атап өту жөнінде орынды мәселе көтеріпті.

Осы мақалаға өз пікірімді қосуды жөн санадым. Оған себеп — қазір менің қолымдағы 2016 жылы «Асар» баспасынан жарық көрген Ұлытау–Жезқазған өңірінің абыз ақсақалы болған, ірі шаруашылықтардың директоры, Жезді ауданының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметтерін атқарған, өтірікпен жаны қас, әділдікті ту етіп ұстаған, Қазақстан Республикасының дербес дәрежедегі зейнеткері Рүстем Бекетов әкеміздің «Тарих шындықтары» атты кітабы.

Осы кітаптан «Бұланты шайқасына» қатысты мәліметтерді оқырман назарына ұсынып отырмын. «Қазақ халқы бұдан әрі елдігін сақтап қала ма, жоқ па?» дегенге тірелген, әйгілі «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп тарихта аты қалған Бөленті, Бұланты бойындағы «Аңырақайдағы» Қазақ пен Жоңғар соғысы бүгінге дейін жалған ақпаратпен келген.

1723 жылы жоңғарлар жеті бөлек әскер құрып, жеті түрлі бағытпен аттанады. Ұлытау төңірегінен найман руынан Төлек, Сағындық, Жаулыбай батырлар, Қостанай жақтан арғын Шақшақұлы Жәнібек, қыпшақтан Тілеулі батырлар қол жинап, жауға соққы беріп тоқтатқан жер — 1730 жылы Бұланты өзеніндегі атақты «Аңырақай» шайқасы. Бұл шайқас қазақ елінің еңсесін көтерген кезең болатын.

Дәл осы кезде Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Кішітау мен Майтөбе арасындағы Қоңыр төбенің баурайындағы бұлаққа шатырын тіккен (қазіргі «Хантөбе»). Қысқа айтқанда, соғыс барысын жазуымыздың себебі — жер аттарын білсін деген ой.

Бөлентінің атауы — Білеуті. Өзен бестамақтан батысқа жалт бұрылып, ойға қарай су ағысының білеуленіп ағуынан «Білеуті» деп аталған.

Қарасиыр — қарасүйір. «Қалмақ қырылған» шоқысынан 6–7 шақырым жердегі ұзындығы 2–3 шақырым қыраттың батысы үшкір, шығысы енділеу, үстінде өсімдігі аз, қара тастақты болғандықтан «Қарасүйір» атанған.

Ал Бұланты өзенінің жоғарыда аталған терең жерінде ерте заманда «бұлан» деген жабайы жануар мекендеген (қазіргі сиырға ұқсас).

«Аңырақай» атауының төркіні — өзеннің бір беті құз, қарсы беті кемер болып келетін, пышақ кескендей қия жықпылдары бар, аңырайып ашылған аңғардың табиғи көрінісімен байланысты. Қазақ халқы табиғи атауларды дәл қоятын халық қой. Бұл өзеннің жоғарғы жағы «Байқоңыр өзені» деп аталады. Ал «Бұланты соғысы» деп аталуы оның нақты осы жерде өткенін айғақтайды.

Тарихта жазылып қалған Бөленті, Бұланты өзендері, Қалмақ қырылған, Қарасүйір, Аңырақай, Хантөбе сияқты жер-су атаулары тек Ұлытау ауданында ғана кездеседі. Бұлар Жангелді ауылдық округінің картасында бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Осы тұста Қазақстанның басқа өңірінен «сол жер» деп дәл көрсетіп беру мүмкін бе? — деген заңды сұрақ туады.

М.Тынышбаев жазып кеткен тарихты бәріміз білеміз. Ол академик А. Диваевтың «Аңырақай соғысы Ырғыздың оңтүстік-шығысы, Сарысудың терістік-батысы, солтүстігінде Шұбар теңізге жақын, Бұланты өзенінде болған» деген карталық дәлелдерін келтіреді. Бірақ өзге зерттеушілердің пікірлерінде бұдан өзгеше тұжырымдар кездеседі.

Мақала авторы ініміз 1725 жылы Ордабасыда жиналып, соғыс барысын шешіп, Балқаш пен Шу арасындағы Аңырақайда жеңіске жеткенін айтады. Онда «Үлкен Орда», «Орта Орда», «Кіші Орда», «Орда қонған» деген жер атаулары бар дейді. Бірақ жыраулардың айтуынша, ол кезде жау ілгерілеп өтіп, бұл аумақтар жау қолына көшкен еді.

Абылайдың жиырмаға шығар жасында «Абылайлап шауып» ерлік көрсеткен соғысы да өзінен-өзі «Аңырақай» соғысы болып шыға келмек. Сондықтан тарихты дұрыс түсіну үшін оны жан-жақты зерттеп, түбіне жету қажет.

Егер біреулер өзге дерек жазса, біздің мұндай мәселені зерттеп, соңына дейін қазбалауымыздың себебі неде десе — айтарымыз: біз осы Бұланты өзенінде туып-өсіп, ата-бабамыздан бері осы жерде қыпшақ ағайындармен өмір сүріп келе жатқан адамдармыз.

Менің де әкем, ағаларым осы Бұланты бойында туып-өсіп, Рүстем әкемізбен колхоз заманынан бері қатар еңбек еткен. Аңырақайдың ақиқатын сол кісілерден бала кезімізден естіп-біліп өстік.

Бұл кітапты оқыған зиялы қауымның, ақсақалдардың, тарихшылардың, мәдениет және музей қызметкерлерінің пікірлері де жеткілікті. Сондықтан жергілікті жердің перзенті ретінде ата-бабалардан қалған шындықты көпшілікке жеткізуді жөн көрдім.

Қалдыбек КӘКІМЖАНОВ,
ҚР еңбек сіңірген қызметкері,
Жезқазған қаласы