Ақын рухына құрмет
Ұлытау ауданы жұртшылығы ақын, сыншы, филология ғалымдарының кандидаты Əбулақап Райымбековтің 100 жылдығын атап өтті. Осы орайда, өткізілген «Өздерің сүйер Арқа, белді Ұлытау» атты тағылымды шараны аудан жұртшылығы қазақ руханиятына өзіндік үлес қосқан қаламгер рухына жасалған лайықты құрмет деп қабылдады.
Көпшілік көңіліне аса қонымды болған іс шараға аудандық мəслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов, аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, Қазақстанның Құрметті журналисі Мағзұмбек Машайықов жəне ақынның ұрпақтары, БАҚ өкілдері, жалпы əдебиетке іңкəр кітапсүйер қауым қатысты.
Келісті кешке қатысушылар алғашқы кезекте Əбулақап Райымбековке арналған көрмемен танысты. Көрмеге ақынның жеке заттары, фотосуреттері жəне кітаптары қойылды. Одан кейін жиналғандар ақынның өнегеге тұнған өмірі туралы баяндайтын слайдты тамашалады. Ажарлы кешті Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Альмира Оспан жүргізді.
Əбдулақап Райымбеков 1923 жылы Ұлытау ауданына қарасты Ұлытау ауылында туған. 1941- 1948 жылдары Жезқазған аудандық «Қызыл кенші» газетінде əдеби қызметкер болып, шығармашылық ортаға икемделеді.
1948-1951 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетіне қызметке ауысып, қалам қабілетімен танылады. Кейін Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, журналист мамандығына ие болады. 1963 жылы КазМу-дің аспирантурасында оқып, 1966 жылы «Жұмысшы табы қазақ совет поэзиясында» тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Содан дүниеден озғанша, еліміздің рухани дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген кісі. Сөз өнерінің туын биік ұстаған сөз зергері. Қазақ мемлекеттік университетінде доцент бола жүріп, көркем дүниелерді жазуды да ұмытпаған қаламгер.
Сол күнгі мазмұнды кеш шымылдығы аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбектің кіріспе сөзімен ашылды. Бұдан кейін дөңгелек үстел басында ұлытаулық ардагер журналист Мағзұмбек Машайықов, қаламгердің бауырлары Мұхтар Сейтжанов, Мұханбетжан Мырзабеков, Марат Райымбеков ақын талантының өміршеңдігіне тоқталып, ол кісі жайлы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, жезділік ақын Файзолла Əжібеков Əбулақап ағасы туралы жалынды, рухты ойларын ортаға салды. Ақынның рухына арнап, шығарылған өлең шумақтарын нақышына келтіре оқып, қалың қауымды жыр мəйегімен сусындатты. Аудандық мəслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов қорытынды сөзінде Əбулақап Райымбековтің өзгелерге үлгі болар тұстарын,қаламгерлік қарым-қабілетін, басқа да беймəлім қырларын, мейлінше əспеттеп, əдемі əңгіме өрбітті. Ардақты тұлғаның өзіндік ерекшелігін, адами қасиетін жұртшылыққа тереңірек таныта түсті.
Шара барысында Əбулақап Райымбековтің қызы Əсем де жүрекжарды лебізінде əкесінің шығармашылық еңбегіне ден қойып,оны жаңғыртуға атсалысқан Ұлытау жұртшылығына риясыз алғысын білдірді. Сөз соңында «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Баян Шайгөзоваға Əбулақап Райымбековтің жеке мұрағатынан құнды жəдігерлерді табыс етті. Келесі кезекте №1 Ұлытау тірек мектебінің оқушылары ақын өлеңдерін, туындыларын жатқа айтып,көпшіліктің ықыласына бөленді.
Тағылымы мол тұлға ретінде ерекше құрмет көрсетілген əсерлі кеш аудандық Мəдениет үйінің əншілері шырқаған «Атамекен» əнімен түйінделді.
Жиын соңында аудан орталығындағы «Құндыз» дəмханасында қаламгердің ұрпақтары ақын рухына арнап, ас берді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.