Қаңтар оқиғасы туралы алып қашпа әңгімелер толастамай тұр – Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасына қатысты пікір білдірді.
«Қаңтар оқиғасынан үш жыл өткенде азаматтарымыздың көпшілігі елімізде бұрын-соңды болмаған осы дүрбелең көпе-көрінеу әлеуметтік әділетсіздіктің, саяси тоқыраудың, сондай-ақ қаскөйлердің шектен тыс менмендігінің және олардың халық пен мемлекет тағдырына немқұрайлы қарауының кесірінен орын алғанына әбден көз жеткізді. Өкінішке қарай, бұл – әлем тарихы үшін қалыпты жағдай. Мұндай жайттар Қазақстандағы оқиғаға дейін де болған, кейін де бола береді деп ойлаймын.
Қаңтар туралы түрлі долбарға толы алып қашпа әңгімелер толастамай тұр. Оның үстіне, белгілі бір саяси есебі бар, сыңаржақ ұстанымдағы кейбір адамдар деректерді бұрмалап, азаматтардың көңіл күйін өз пайдасына бейімдеуге тырысады. Тәртіп орнатуға және ахуалды тұрақтандыруға қатысты батыл шаралар қабылдаған соң, мен құзырлы органдарға Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бердім. Тергеу ашық жүргізілді. Қылмыскерлер жазасын алды. Парламентте біздің арғы-бергі тарихымызда бұрын-соңды болмаған арнайы тыңдау ұйымдастырылды», — дейді Президент.