Төрегелді ШАРМАНОВ: «Жасы үлкеннің кемдігі – үлкендік көрсете білмеуде»
Бiздiң iшiмiзде ақсақалдық қасиетiн сақтап, жоғалтпай үлкейген адамдар азайып тұр. Сондықтан, қарияларды қадiрлей бiлу – оның өз қадiрiне байланысты. Жасы үлкеннiң кемдiгi – ақсақалдық, үлкендiк көрсете бiлмеуде. Бүгiнгiнiң қарты жасы келгендiктi қалай түсiнiп жүр?
Менiңше, көпшiлiгi кеңшiлiк пен көрегендiктi тани алмай, жаспен жағаласып, жас болуға тайталасқанды жөн деп ұғады. Жасына, ретiне қарай, қоғамға лайық болудың орнына, Кеңес кезiнде жағылып қалған жағымсыз, жұғымсыз iс-әрекеттi таңумен әуреленiп жүр. Орныңды бiлмесең, ондай әрекетпен жас болмайсың.
«Жастың шаршадым дегенiне сенбе, кәрiнiң қарным ашты дегенiне сенбе» деген аталы сөз бар. Бұл не деген сөз? Бас-қасы басқа, үлкейген кiсiнiң тамақ алысы тамақтану мәдениетiне, жасына лайық болғаны жақсы. «Ауру – астан», ындынын тыя алмай, уысын толтырып, майлы еттi асап, оны көтере алмай, артынан ауырып жатсаң, үйде кiмге жағасың? Тепсе темiр үзетiн жаспен табақ жарыстыру жасамыс адамға әрi-берiден соң жарасымсыз да.
Мiне, сол секiлдi үлкен кiсiге лайықсыз тiрлiкпен «әр уақытта осылай болуым керек» деген шолақ ұғымның жетегiнен шыға алмаған кәрiден «Ой, мына кiсi қартайып қалыпты» деп, жұрт бойын аулақ салуға тырысады. Сондайлардың кесiрiнен тәмам үлкенге деген құрметтi үркiтiп жүргендер қаншама!
Бұрынғының ақсақалы қандай! Айтса, әңгiмесi – жүйелi, жүрiс-тұрысы – ұнамды, болмысы – бекзат. Бiрауыз сөзiне көптi ұйытып, бiрауыз сөзiмен елдi көшiрiп-қондыратын. Ол – қаймағы бұзылмаған заманның тәлiмi едi. Рас, Кеңестiң пайдасы мен көзге көрiнбейтiн зияны қатар жүрдi.Үлкеннен озып сөз сөйлемеудi ынжықтық деп санап, жағаласып, ерегiскендi батырлық деп мадақтап, ақырында, тәрбие таразысының бiр жағы ауып кеттi. Беттен алып, үлкенi кiшiден ұялуды бiртiндеп доғара бастады. Соның кесiрi бүгiнгiнiң жасы үлкендерiнiң кейбiрiнiң бойында қалып қойған.
Елуден асқан соң, жақсы қартаюды болжай бiлген жақсы. Бiрақ, шал болып қалма. Осы күнге дейiн жиған-тергенiңдi, ақылыңды игiлiкке жұмсауды үйрен. Үлкеннiң үлкендiгi – жасты баурап, бейiмдей бiлгендiгiнде. «Бiтiм-болмысым – осы, көнсең де сол, көнбесең де сол» деген тоң мойын шалға әдептiжас өзiн сыйламаса да, жасын сыйлап, бетiне келмеуi мүмкiн. Бiрақ, iшiнде оған деген құрметi жойылып кетедi.
Кезiнде қаншажерден бетiңе жанқаратпайтын қаһарлы болсаң да, уақыт өте келе, ол қасиеттi байыпты мiнезбен, мейiрiммен, көпке сыйымдылығыңмен байытпасаң, заманың өткенде сыйды атбасындай алтын берiп сатып ала алмайсың. Бойыңда күшiң барда, iлгенiң мен бiлгенiңдi қоғамның беталысы мен халықтың пайдасына лайықты ұқсатпасаң, кешегi сiңiрген еңбегiң ескiрiп қалуы мүмкiн…