Тасбұлақ — Тәңірдің сыйы

Ұлытау ауылының бір бүйіріндегі «Өркештау» биігінің іргесінен бастау алып, ағып жатқан табиғи қайнар су көзі – Тасбұлақ. Ол тау тастарының арасынан табиғи сүзбеден өтіп, үлкен мөлшердегі қысыммен гранит тасты жарып шығады. Шипалық қасиеті – аса зор, сақталу мерзімі – ұзақ. Кіршіксіз, кəусар бұлақ.

Бүгінде Тасбұлақ суының кереметіне тамсанатын жұрт аз емес. Тіпті, сыртқары аймақтардан бұлақ суын жылдың төрт мезгілінде де арнайы тасымалдап ішетіндердің қатары бқрынғыдан анағұрлым арта түскен сыңайлы. Өйткені, тасты жарып шығып, тынымсыз ағып жатқан бұлақ суы – өте жұмсақ əрі мөлдір. Оның тастай суын ішкен адам өзінің бойында пайда болған жеңілдікті байқамай қалуы да мүмкін. Бетіңді жуа қалсаң, көңілің сергіп, тұлабойың жеңілдеп қоя берері күмәнсіз. Ғажабы – сол!

Ұлытаудың төл перзенті, есімі төрткүл дүниеге танымал академик Төрегелді Шармановтың айтуынша, Тасбұлақ суының сегіз түрлі ауруға ем болатын ерекше қасиеті бар. Оның құрамы адам ағзасына мейлінше пайдалы дəрумендерге толы екен.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, өткен ғасырдың соңғы жылдарында Ұлытау аудандық əкімдігінің сұранысы бойынша аудан аумағындағы табиғи бұлақтар суларының сапалық деңгейі көрсеткішін анықтау мақсатында Тағамтану институтының білікті мамандары арнайы сараптама жүргізіпті. Сол сараптама қорытындысы талайды көрген жандардың өзін таңқалдырса керек. Тасбұлақтың суы өте таза, құрамының сипаттамасы бойынша тым сирек кездесетін су екені анықталған. Бұл туралы, яғни, Тасбұлақ суының қасиетін ресми түрде нақтылайтын анықтама-сертификат аудан әкімдігіне табыс етіліпті.

Тасбұлақ – қасиет дарып, кие қонған өңірге Хақ Тәңірдің өзі тарту еткен сыйы іспетті.

Қайрат ЖҰМАБАЙ