Ауданда екпе алу жалғасуда

Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан ТАНАБАЕВТЫҢ айтуынша, аймақта жағдай – тұрақты. «Алайда, шараларын назардан тыс қалдыруға болмайды» дейді ол.

– Үш ғайыптың біреуі осы – сырқат. Ол айтып келмейді. Оның ішінде қазір күллі әлемді бір тарының қауызына сыйдырғандай еткен коронавирус сияқты жұқпалаы инфекциялар төтеннен пайда болады. Ал, оны таралуына тосқауыл қою, індеттің алдын алу – өз қолымызда. Ол – дәрігер мамандардың айтқанын тыңдау, шектеу қою тәртібін мұқият орындау және санитарлық талаптарды сақтау. Бұл бағытта екпе алудың маңызы ерекше. Оның тиімділігіне індеттің өткен толқыны кезінде елдің көзі анық жетті, – деді басқарма басшысы бізбен әңгімесінде.

Ерлан Танабаев өз кезегінде аудандағы екпе алу жұмысының барысы жайлы да жан-жақты айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, аудан бойынша екпе алуға тиісті 7 748 тұрғынның 6 108-і екпенің бірінші және екінші компоненттерін алған. Бұл – жоспардың 78,8 проценті.

– Әр екпенің өзінің кезімді мерзімі бар. Ол өткен соң екпенің дертке қарсы ықпалы азаяды. Коронавирусқа қарсы екпелер де солай. Алғашқы компоненттерін алғалы да алты айдан есті. Енді ревакцинация жасалуы қажет. Қазір біздің өңірде осы бағыттағы жұмыс жүріп жатыр. Аудан тұрғындарының 3 899-і ревакцинацияның бірінші кезеңінен өтуі керек еді. Бүгінгі күні олардың саны – 2 325 адам, яғни, 59,6 процент. Ал, ревакцинацияның екінші кезеңінен өтуге тиісті 1 391 адамның 745-і өтіп, жоспар 53,5 болып тұр. Бұл, әрине, өте аз. Бізде иммундық қалқан қалыптасу үшін тұрғындардың 80 проценттен астамы екпе алуы қажет. Сонда ғана індетті тежеп, таралуына жол бермеуге мүмкіндік туады, – дейді Ерлан Танабаев.

Басқарма басшысы сондайақ, бүгінгі күні ауданда 270 доза «Синофарм» («Вероселл») екпееінің бар екенін де айтып өтті.