Оқу жылына дайындық ойдағыдай
Енді бір айға жуық уақыт мұғдарында жаңа оқу жылы да басталады. Ал, ауданның білім беру мекемелері шәкірттерін қабылдауға әзір ме? Біз осы сауалды аудандық білім бөлімінің басшылығына жолдаған едік. Мекеме басшысының міндетін атқарушы Айгүл КӨШЕНОВАНЫҢ айтуынша, бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ең бастысы, дайындық шаралары – ойдағыдай.
– Жалпы Ұлытау ауданы бойынша 17 жалпы орта білім беретін мектеп, 6 балабақша және 2 қосымша білім беру ұйымы жас буынға білім және тәрбие беру ісімен айналысады. Бүгінгі күні олар жаңа оқу жылына әзір. Мектептерде дәстүрлі ағымдағы жөндеу жүргізілді. Ендігі мәселе – осы мекемелердің қысқа әзірлігі жайы. Ол да ойдағыдай жүріп жатыр, – деді Айгүл Көшенова.
Білімі бөлімі берген ақпаратқа қарағанда, өңірдегі 5 мектептің жылу қазандықтарын жаңғырту, ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу жоспарланыпты. Осы бағытта екі мектепке модульді қазандықтар орнатылған. Мәселен, №5 негізгі орта мектебіне 7 590,0 теңгеге модульді қазандық орнатылса, №12 негізгі орта мектепке де 7 856,0 теңгеге молульді қазандық орнатылып, жұмыстары аяқталған. Қазандықтарды орнатушы – тендер жеңімпазы «Бейсенбекова» ЖК.
Мұның сыртында №7 жалпы білім беретін мектептің жылу жүйесі 7 236,0 теңгеге ағымдағы жөндеуден өткен. Ал, №8 жалпы білім беретін мектепке 7 800,0 теңгеге модульді қазандық орнатылады деп жоспарлануда. Тендер жеңімпазы – «MARGENTS» ЖШС. Келісім-шарт бойынша қазандық 15 қыркүйекке дейін орнатылмақ. Сол сияқты №17 жалпы білім беретін мектептің жылу қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстың да аяқталу мерзімі – 15 қыркүйек. Тапсырысты орындауға 5 920,0 теңгеге қаралған
– Мектептермен қатар, өңірдегі балалар бақшасын да қысқа әзірлеуге байланысты жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, Жезді кентіндегі «Айгөлек» балабақшасы жылу қазандығына 5 882 999 теңгеге жаңа пеш орнатылу үстінде. Сондай-ақ, оның жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстарды жүргізу құқығын «MARGENTS» ЖШС жеңіп алған. Қалған білім беру ұйымдарының жылу қазандықтары жаңа оқу жылына дайын, – дейді А.Көшенова.
Жылу қазандықтарын қажетті көмір қорымен қамтамасыз ету де тыңғылықты ойластырылған. Жалпы, биылғы жылға 17 мектепке 4 800 тонна көмір түсірілуі тиіс. Оған 88 416,0 теңге бөлініпті. Тасымалдаушы – «AIBATYR-KZ» ЖШС. Көмірді тасымалдау уақыты – келісім-шарт бойынша 10 тамыздан бастап, қазан айының 1 жұлдызына дейін.
Бұдан бөлек, «Айгөлек» балабақшасына – 150 тонна көмір (2 749 500 теңге), «Балбұлақ» балабақшасына – 30 тонна көмір (550 000 теңге), «Балдәурен» балабақшасына – 120 тонна көмір (2 196,0 теңге), «Ертөстік» балабақшасына 60 тонна көмір (1 098 000 теңге) түсіріледі деп жоспарланған.
Айгүл Көшенова биылғы жылы қанша баланың бірінші сыныпқа баратынын да айтып өтті.
– Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығының 2-тарауына сәйкес, бастауыш, негізгі орта және жалпы білім беретін мектептерге 2022-2023 жаңа оқу жылына 1-сыныпқа қабылдау жұмыстары 1 тамызда аяқталды. Қазіргі таңда аудан бойынша 198 оқушы қабылданды, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ