Зайырлы мемлекет құру – заман талабы
Халықты біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалайтын басты құндылықтардың бірі – зайырлы қоғам мен жоғары руханият. Зайырлы мемлекет – қоғамдық қатынастар діни нормалар негізінде емес, азаматтық негізде реттелетін, мемлекеттік органдардың шешімдері діни тұрғыдан шығарылмайтын мемлекеттің сипаты. Зайырлы мемлекеттің заңнамасы толықтай немесе ішінара діни нормаларға сәйкес келуі мүмкін, оның зайырлылығы діни түсініктерге қарама-қайшылықпен емес, одан азат болуымен анықталады.
Зайырлы елде әрбір адам ешқандай діни институттарға қатыссыз өмір сүруге құқылы. Мысалы, некені тіркеу және әділ сот жүйесі – мемлекеттің айрықша құқығы. Сол сияқты зайырлы елде барлық конфессия өкілдері заң алдында бірдей.
Жалпы, адамзат дамуының тарихи тәжірибесінен туындаған мемлекеттің зайырлылық принципі мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуін жариялағанымен, ол ұғым бұл екеуiнiң арасына қорған салуды білдірмейді. Өйткені, дiнсiз – мемлекет, ал мемлекетсiз – дiн жоқ. Сондықтан ел дамуының бүгінгі кезеңінде екi тараптың өзара бiрiгiп әрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындаудың және жетілдіріп отырудың маңызы зор.
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, еліміздегі барлық діни бірлестіктердің құқығы бірдей және тең. Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды деген сөз. Біз өте көне, бай өркениеттердің, елеулі түрде ерекшеленетін көптеген әлемдік дүниетанымдардың тоғысқан жерінде тұрмыз.
Қазақ халқы діни көзқарасы мен діни наным-сенімі айқын да терең, ұлттық және діни мәдениеті өте жоғары, иманды, имани түсінігі мол әлемдегі санаулы ұлттардың қатарына жатады.
Жалпы, құқықтық мемлекет – өзінің негізгі институттары ретінде билік бөлінісін, сот тәуелсіздігін, басқару заңдылығын, мемлекеттік билік тарапынан азаматтардың құқы бұзылуына жол бермеуді және оған қоғамдық мекеме тарапынан тигізілген залалдың құнын өтеп алуды қарастыратын мемлекет
Қазіргі әлемде құқықтық мемлекет тұжырымдамасы мемлекет, қоғам және азаматтың арақатынасын қалыптастырудың әмбебап идеалы болып отыр. Құқықтық мемлекет идеясының мәні – оның бірізді демократиялылығы, билік көзі ретіндегі халық егемендігін бекіту, мемлекеттің қоғамға бағынуы.
Құқықтық мемлекет идеясындағы бастысы – мемлекеттің және оның органдарының зорлық-зомбылығынан, басынуынан азаматтарды қорғау
Бердіхан ТӨЛЕГЕН,
Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-түсіндіру және қарсы насихат бөлімінің маманы.