Ардагердің өнегелі бастамасы

Ұлытау ауылының тұрғыны, мемлекеттік қызмет ардагері Серік БАЙМАҒАНБЕТОВТЫҢ бастамасы және қажетті қаржыны өз қалтасынан салуы негізінде аудандағы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары аудан орталығына кіреберістегі электр бағандарын әктеу жұмыстарын жүргізді.

Өзінің өзгелерге үлгі боларлық тың бастамасын Серік Сәрсенбекұлы былай түсіндірді:

– Әр тұрғын тек үй ауласының тазалығына ғана емес, ауыл тазалығына да қарайласуы керек. Бүгін біздің облыста, оның ішінде, Ұлытау ауданы аумағында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтіп жатыр. Мемлекет басшысы да сол жерде. Сырттан келген қонақтардың біршамасы «киелі өңірді көрейік, Әулиетауға тәу етейік» деп Ұлытауға атбасын бұра қалса, ауылымыз жайнап тұруы керек қой. Баршаға ортақ шаруалар болады. Тазалық пен абаттандыру – соның бірі. «Оған жауапты әкімдік» деп жайбарақат қарап отыруға болмайды. Орайы келіп тұрған іске әрқайсымыз үлес қосуымыз керек. 10 келі әк сатып алып, аудандық жастар ресурстық орталығындағы мамандарға жүгіндім. Менің ұсынысымды қуана қолдаған «Жасыл ел» еңбек жасағындағы ұл-қыздарыммен бірге ауылға кіреберістегі бағандарды жарқыратып қойдық. Тілегімді құп алған балаларға айтар алғысым шексіз.

«Тазалық табалдырықтан басталады» деген ұстанымдағы ағамыздың, сол бастамаға қолдау білдірген жастар қауымының ізгі ниетті әрекеттері басқаларға үлгі болары анық.

Өз тілшімізден.