«Қазақстан халқына» қоры мен Ұлытау облысы әкімдігі арасында меморандум қабылданды
Бүгін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ұлытау облысының орталығында болып, өңір меценаттары, қоғамдық ұйым өкілдері, кәсіпкерлер қауымымен кездесті.
Кездесуді ашқан облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған қордың халықтың мұқтаж топтарын әлеуметтік қолдау, қайырымдылық жобаларын жүзеге асырудағы маңызын атап өтті.
Кездесуде сөз алған қор төрағасы Болат Жәмішев осыған дейін атқарылған жұмыстар туралы ақпарат беріп, қордың жоспарларына тоқталды.
Оның айтуынша, қыркүйек айында қор қызметінің нысаналы бағыттарын айқындау мақсатында Ұлттық қайырымдылық конференция өткізу жоспарланып отыр. Конференция мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ҮЕҰ, бизнес және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтеді.
Конференцияда қордың жаңа тұжырымдамасы және қайырымдылық бағдарламалары мен жобалары қабылданады. Қазір бағдарламалық құжаттарды әзірлеу және жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмысқа коммерциялық емес сектор өкілдері, мәслихат депутаттары, қордың қайырымдылық жасаушылары – бизнес өкілдері, сарапшылар мен салалық мамандар тартылған.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Ұлытау облысы аумағында да бірқатар қолдау шаралары жоспарланып отыр. Атап айтқанда, қор тарапынан «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында 425 оқушы білім алатын «Ұлытау № 1 орта мектебі базасындағы Тірек мектебі» КММ жабдықтау (жобаның бюджеті: 250 млн. теңгеге дейін), Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде білім алу үшін 3 білім грантын (стипендиясымен) тағайындау (2022 жылы университетте оқуға арналған бюджет – 3 млн. теңге. Стипендия – 1,56 млн. теңгеге дейін), тамыр патологиясы бар балаларға медициналық көмек көрсету (бүгінгі таңда 2 өтінім қабылданып, Жезқазған қаласы және Жайрем кентінен 2015 және 2018 жылғы екі балаға тағайындалды), Жезқазған қаласының Талап кентінде, Ұлытау ауданының Жезді кентінде спорт залдарын жабдықтау (жоба құны сәйкесінше 7 813 588 тг және 8 258 188 тг), Жезқазған көпсалалы ауруханасына офтальмологиялық скрининг және шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеу үшін жабдықтар сатып алу сынды жобалар жоспарланған.
Кездесуге қатысқан жергілікті кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым жетекшілері, белсенді азаматтар қор төрағасына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.
Жиын соңында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен қор төрағасы Болат Жәмішев әлеуметтік әріптестік туралы меморандумға қол қойды.