Ұлытау ұланы Түркияда топ жарды

Жуырда Түркияның Сакарья қаласынан қуанышты хабар келіп жетті. Ұлт ұясы – Ұлытаудың өнерлі өрені – Ерден ШАКАРМАН 23-27 маусым күндері аталған қалада өткен VII Халықаралық фестиваль-конкурста І дəрежелі Дипломмен марапатталып, еліміздің намысын абыроймен қорғады.

Бұл өнер байқауы аталмыш мемлекетте жыл сайын дəстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы өнер додасына əлемнің 7 мемлекетінен бірнеше ондаған өнерпаздар келіп, бақ сынасты. Солардың қатарында Қазақстаннан, Ұлытау облысының Ұлытау ауданынан Ерден Шакарман барып қатысып, «мен» деген мықтылардан бəсі басым түсті.

Түркия, Молдова, Болгария, Индия мемлекеттерінің өнер майталмандары қазылық еткен өнер байқауында топ жару тек мықтылардың мықтысының ғана қолынан келсе керек. Біздің өнерлі өреніміз осы биіктен көрінді.

– Мұндай халықаралық байқауға қатысу мен үшін үлкен мəртебе жəне үлкен сынақ. Конкурс шарты бойынша екі əн орындадым. Біріншісі – «Өз жерім» əні. Екіншісі, Британдық əнші Фредди Меркьюридің репертуарынан «Тhe show must go on» («Шоу əлі де жалғасады») əні. Екі əнді де нақышына келтіре орындап, қазылардың ықыласына бөлендім, – деп жазды Ерден өзінің Инстаграм əлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Орайы келгенде айта кетейік, Ерденнің бұл байрақты бəсекеге қатысуына «Мен де жұлдыз боламын» продюсерлік орталығы мұрындық болыпты. Аталмыш орталықтың директоры Лариса Мақсат ханым оған үлкен сенім артып, жолдама ұсынған екен. Ал, өнерлі өренді бəсекелі байқауға ұстазы Дəуренбек Мерғали дайындапты.

«Түркияға барып, бағымды сынап көруіме қолдау білдірген Ұлытау ауданының əкімі Советбек Тұрсынұлы Медебаевқа алғысым шексіз.

Алда, 23-28 шілде аралығында Грузия мемлекеті Туризм жəне Мəдениет министрлігінің шақыртуымен, Батуми қаласында, Қара теңіз жағалауында өтетін ІІІ Халықаралық «GOLDEN WAVE 2022» («ЗОЛОТАЯ ВОЛНА-2022») фестиваль-конкурсында бағымды сынап көру мəртебесі бұйырды. Сəттілік тілеп қойыңыздар» деді жас өнерпаз өз жазбасында.

Айтпақшы, Түркияның Сакарья қаласындағы «Сакарья қазақ жастары» ұйымы «Балалар жылы аясында қазақ өнерін шет елде жоғары деңгейде насихаттап жүргеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Шығармашылығыңызға сарқылмас шабыт, еңбегіңізге толағай табыстар мен жарқын жетістіктер тілейміз!» деген мəтіндегі Алғыс хат тапсырыпты.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ