Өрт сөндіру құрылғылары берілді
Өрт – тілсіз жау. Төтеннен келетін осы алапат дүлей, әсіресе, жаз маусымында өршіп кетеді. Ол мал-мүлікке ғана шығын әкеліп қоймайды, адам өміріне де зор қауіп төндіреді. Мұндай аласапыран ауыр жағдайды аудан халқы өткен жылы өз бастарынан өткерді…
Осындай ахуалдың орын алуына жол бермеу үшін ауданда өртке қарсы күрес жұмысы ширап, нақты шаралар қолға алынды. Кешегі оңтайландыру жылдарында жабылып қалған өрт сөндіру бекеттері ауданның көптеген ауылдарында қайта ашылып, олар заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілуде.
Жуырда аудан әкімі Советбек Медебаев кент, ауыл әкімдерімен кездесу өткізіп, өрт қаупінің алдын алу және төтенше жағдайдың алдын алуға және қажетті жағдайда шұғыл әрекет етуге әзірлік жұмыстарының барысын пысықтады.
– Былтырғы жылы аудан аумағында дала өрті жұртшылықты әбігерге салғаны есімізде. Соның салдарынан келеңсіз жағдайлар орын алды. Сол себепті, біз табиғатты, орман қоры жерлерін, сонымен бірге үй-жайларды апаттан аман алып қалу үшін өрттің алдын алуға дайын болуымыз қажет. Осы бағытта аудандағы 6 ауылдық округте өрт сөндіру бекеттері құрылып, жұмысқа кірісті. Алдағы уақытта осындай бекеттерді Аманкелді, Алғабас ауылдарында ашуды жоспарлап отырмыз. Тілсіз алдын ала ескертіп келмейді. Ол кез-келген жағдайда тұтануы мүмкін. Ең бастысы – адам өмірінің қауіпсіздігі. Барлық жағдайға дайын болу – басты талап. Дала өртінің өршіп кетпеуі үшін өрт сөндіру бөлімінің мамандары мен техникалары кез-келген уақытта тосын жағдайға дайын тұруы тиіс, – деген Советбек Тұрсынұлы қазіргі жұмыс істеп тұрған өрт сөндіру бекеттерін заманауи құралдармен жабдықтауға күш салып отырғанын да жеткізді.
Жиыннан кейін аудан басшысы Қарсақбай, Ақтас кенттері мен Аманкелді, Алғабас, Шеңбер, Қоскөл, Мибұлақ, Борсеңгір ауылдары әкімдеріне арнайы жоғары қысымды өрт сөндіру кешенін (мотопомпа, 1 тонналық бөшке) табыстады. Бұл құрылғылар аудандық бюджет қаржысы есебінен «Дала өртімен күрес» бағдарламасы бойынша сатып алынған.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.