Антына адал жандар

Неміс ойшылы Артур Шопенгауэр «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» дейді. Расында, жанын қоярға жер таппай қиналғанда өміріне араша болып, саулығы сыр бергенде емдеп-жазып жатса, науқас үшін бір бақыт емес пе?!

Адам өмірі мамандығы бұрылыстар мен құбылыстардан тұратын ақжелеңді абзал жандармен тығыз байланысты. Жарық дүниеге Алланың қалауымен келсек, дəрігердің қолымен кіндігіміз кесіліп, анамыз бізді дəрігер көмегімен құшағына алды. Ауру алқымнан алып, дерт дендегенде əр адам дəрігерден үміт күтеді. Тырп етпестен төсек тартып жатқан жандардың жебеушісі де осы ақ желеңділер.

Орта ғасырдың ұлы ғұламасы Ибн Сина айтпақшы, дəрігерлердің үш қаруы бар. Оның бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Яғни, дəрігерлерге артылар жүк те жауапкершілік те ауыр. Олардың ешқайсысы ел басына күн туғанда жұмысын тастап, қара бастың қамын ойлап, тасаға тығылып қалмайды. Алмағайып заманда да, төтенше жағдайда да, зілзала мен тасқында да дəрігерлер адам жанының арашасы болуға даяр. Бұл сөзімізге індет өршіген уақытта ақ желеңділердің тынымсыз еңбек еткені дəлел.

Медицина – сан түрлі сынақтармен сыналатын сала.

Бұл мамандықты меңгерген жандарға мүлт кетуге болмайды. Дəрігер өз ісіне қаншалықты жауапты əрі сенімді болса, соншалықты адамды ажал аузынан алып қалуға мүмкіндік бар. Оны өмірдің өзі сан мəрте дəлелдеді де…

Десек те, «Дəрігерлер дұрыс қарамайды», «Жедел жəрдем жылдам келмейді», «Мейірбикелер емделушіге жайдары болмайды» деген сыңайлы сындарды көпшілік орында естіп жүрген боларсыз? Тіпті, сіз де ашудың ырқына ерік беріп, сөзбен сілкіп алған шығарсыз…

Бірақ адам жанының арашасы болып жүрген жандардың орнына өзіңізді бір сəт қойып көрдіңіз бе? Əр емделушіні сағат сайын бақылап, əртүрлі диагнозбен жұмыс істеп, көңілін аулауға, ине салып тыныштандыруға, ауруханадан құлан-таза айығып кетуіне бар ынтасымен кірісетінін аңғардыңыз ба? Сырт көзге бір сарынды көрінетін дəрігерлердің тынымсыз жұмысын атқаруға өзіңіздің батылыңыз бен сабырыңыз жетер ме еді?

Бұл сауалдардың жауабын білу үшін бір сəт дəрігерлердің тіршілігімен тыныс¬тап көрген дұрыс шығар. Бəлкім, сонда ғана дəрігер мен басқа да медицина мамандарының қызметі жанқиярлық еңбек екенін ұғынармыз.

…Иə, олар сөзсіз өз анттарына адал жандар.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ