Ұлытауда Ұлттық құрылтай өтті

Бейсенбі күні Ұлытауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ қатысуымен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы өтті. Мұны ел жақсы ырымға балап отыр. Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы жайлы ой-пікірлер ортаға салынған ұлы жиынның Ұлы Дала Ұлытауында өтуі елге серпін берген сыңайлы. Кешегі егеулі найзасы қолынан түспеген, ерттеулі аты кермеден кетпеген бабаларымыз да дəл осы Ұлытауда кеңес құрып, ұлттық мүде төңірегіне тоқайласып еді. Бұл жолы да солай болғай деп бет сипасты…

Сапар барысында Мемлекет басшысы Ұлытау облысы мен оның орталығы Жезқазған қаласының даму жоспарымен танысты. Облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы Президентке облыстың əкімшілік орталығы Жезқазған қаласының жəне өңірдің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы егжейтегжейлі баяндады. Экологиялық ахуалдың нашарлауы, аймақ арқылы өтетін республикалық жолдардың тозуы, экономиканың əртараптандырылмауы жəне ірі кəсіпорынға тəуелділік, инженерлік коммуникация жүйелерінің ескіруі мен əлеуметтік сала өңірдің негізгі проблемалары ретінде атап өтілді.

Бұдан кейін «Қазақмыс компаниясы» ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард Огай кəсіпорынды жəне өңірді дамыту жөнінде хабарлама жасады.

Сол күні Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың жұмысына қатысты. Ұлы жиын Жошы хан кесенесі іргесіндегі «Жошы хан» кешенінде өтті.

Президент ең алдымен Құрылтай мүшелерін құттықтап, республикалық референдумда үлкен өзгерістерге қолдау білдірген халыққа зор алғысын жеткізді. Сонымен қатар, Жаңа Қазақстанның саяси-экономикалық һəм əлеуметтік əлеуеті түбірінен өзгеретінін, ол үшін үлкен-кіші, жас-кəрі бəрі біркісідей жұмыла жұмыс істеп, ерінбей еңбек етуі керек екеніне тоқталды. Осы тұрғыда кеңесіп, келісіп, ойласу елді бір бағдарға ұйыстыру мақсатымен Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтергенін айтты.

Мемлекет басшысы сөз соңында бұған дейін қазақ қоғамын толғандырған келелі мəселелердің бəрі Ұлытауда, Ордабасыда, Мəртөбеде, Күлтөбеде өткен осындай кеңестерде шешілгенін айта келіп, Ұлттық құрылтайдың келесі жиынын Түркістанда өткізуді ұсынды.

Жиында Мемлекет басшысынан бөлек Ұлттық құрылтайдың біршама мүшесі сөз сөйледі.

Құрылтай түйінінде Мемлекет басшысы белгілі ақын Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенін мəлімдеп, омырауына «Отан» орденін тақты.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ