Әлихан Бәймен жер қойнауын пайдаланушыларға берілетін жеңілдіктерге ревизия жасауды ұсынды

Ұлттық құрылтай мүшесі, мемлекет қайраткері Әлихан Бәймен жер қойнауын пайдаланушыларға берілетін жеңілдіктерге ревизия жасауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адами капитал дамуында экономикалық саясаттың орны ерекше. Мемлекет басшысының монополиядан арылуға бағытталған батыл шешімдері қоғамдық психологияға да әсер етіп, алпауыт олигархтар елдің иесі – ұлт бар екенін сезе бастағандай» — деді ол Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.

Сондай-ақ ол референдум арқылы жер мен жер қойнауының иесі халық екені бекітілгенін еске салды.

«Енді жер қойнауын пайдалану контрактілері жария болуын міндеттейтін заңдар қажет. Екіншіден, Үкімет осы күнге дейін беріліп келген салықтық, кедендік, басқа жеңілдіктерге ревизия жасап, арнайы комиссия қайта шешім қабылдағанша олардың берілуін тоқтата тұру дұрыс деп есептеймін», — деді Әлихан Бәймен.