Өлкетану – отаншылдық өзегі
Аудандық білім бөлімінің ұйымдастырумен Балалар жылына орай «Туған өлке сырлары» педагогикалық жобасы аясында «Ұлт ұясы – Ұлытау» атты туристік өлкетану экспедициясы сапарға шықты.
Аталған экспедицияның жоспарлы жұмыстары жасөспірімдер туризмі мен өлкетану үрдісін өрістетуге арналған. Жобаның ұстанған жолы — өткен жылы туристік сапар барысында түсірілген «Ұлт ұясы — Ұлытау» тақырыбындағы деректі фильм мен фотоальбомды облыс аймағына көрсету болып отыр. Мұндағы мақсаты – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тəрбиелеу, азаматтық көзқарасын қалыптастыру. Осы ұстаныммен ұйымдастырылған экспедицияға өлкетану бағыты бойынша əр мектептерден аудандық деңгейдегі іс-шараларға белсене қатысқан, үлкен жетістіктерге жеткен оқушылар іріктелініп алынды. Оның құрамында 12 оқушы, 4 мұғалім бар. Оларды 16 мамыр күні орталық алаңнан аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, «Ұлытау» ұлттық тарихи — мəдени жəне табиғи қорық — музейінің директоры Нұрлан Қасымбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Əбдірайымов, Ұлытау ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенғали Əбжамалов жəне аудан жұртшылығының өкілдері сəт сапар тілеп, шығарып салды. Экспедиция Ұлытаудан Қарағандыны бетке алып, Қарқаралыға барады. Сапар барысында жоғарғыда аталған көрсетілімдерін өзге өңірдің оқушыларына көрсетіп, Ұлытау тарихын насихаттайды. Əсем табиғат мекені — Қарқаралыға туристік саяхат жасайды. Сəтін салса, 22 мамыр күні Ұлытауға оралады.
Қайрат ЖҰМАБАЙ