Медиация — бітімгершілік жолы

Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының шыққанына да бірнеше жыл болды. Осы уақыт аралығында оны насихаттау Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үзіліссіз жүргізіліп келеді. Көпшілік әр қабылданған заңның тиімділігін іздейді, оны өмірде іске жарату үшін әртүрлі әрекеттер жасайды.

Медиация – қоғамның талабы. Атап айтқанда, Заң мемлекет шегінде бітімгершілік рәсімдер институты қызметінің құқықтық негіздерін белгілейді. Сонымен қатар медиаторлардың қатысуымен дауларды шешу тәртібін белгілі бір жолда немесе заң тұрғысынан реттейді.

Айтылып отырған заңның кейбір қағидаларын айтсақ оқырманға түсінікті болады.

Оның бірінші бабында егер Қазақстан Республикасының Заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (дау — шаралар) медиацияның қолдану саласы болып табылады.

Мінекей, осы бап Медиацияның қолдану өрісін нақты белгілеген. Заңда «Медиация» деген ұғымның мазмұны ашылған. Атап айтсақ, Медиация дегеніміз – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау — шараларды) реттеу рәсімі. Медиацияны жүргізу мәселесіне келетін болсақ — олар кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға.

Медиацияны жүргізу қағидаттары да заңда айқын көрсетілген. Олар — еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық.

Қазіргі уақытта соттарда қаралып жатқан істерді шешу үшін медиация енгізу баламалы әдістердің бір түрі деп айтуға болады. Медиация бойынша кәсіби, кәсіби емес медиаторлардың көмегімен, заңда көрсетілген жағдайларда, сотқа жүгінбей-ақ дау-дамайларды шеше алады. Шешілген жағдайда тараптар өзара ерікті келісім жасайды, яғни өздері мойындаған талаптарын орындайды. Тараптар медиация Заңын істі сотта қарау барысында да қолдана алады. Медиатордың көмегімен тағы да ерікті келісімге келетін болса жасалған келісім азаматтық іс өндірісінде жатқан судьяға беріледі. Содан кейін сот заңда көзделген тәртіппен келісімді бекітеді. Дау-дамай аяғында осылай шешіледі.

Қозғалып отырған тақырыпты жалғастыра кәсіби емес медиаторлар жөнінде біраз түсінік жасауға болады.

Кәсіби медиаторларға қойылатын талаптар аумақты, олар заң бойынша жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілген медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізімінде тұрған тұлғалар.

Ал қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады.

Заңды сараласақ кәсіби емес медиатор болып қызмет атқару үшін де мағыналы түрде талаптар қойылған. Сондықтанда медиатор қызметін алып жүру, дауласып жатқан тараптарға төрелік айтып, оларды оңтайлы шешімге келтіру әрбір адамның қолынан келе бермейді.

Ақмаржан Қалекенова,

Ұлытау аудандық сотының бас маманы.