Қауқарың қалай, қазақ әскері?

“Отан үшін отқа түс – күймейсің” деген екен Баукең, Бауыржан Момышұлы. Осы сөздің өзегіне бойласаң көп ақиқат ашылады. Отанды қорғау – ұлтым деген әр ұлдың міндеті, перзенттік парызы, қастерлі борышы. Жалпы мемлекеттің мәртебесін арттыруда, жасампаз халықтың жарқын болашаққа деген сенімін нығайтуда, экономиканың серпінді дамуын қамтамасыз етуде құрыштай шыныққан әскердің алатын орны ерекше.

Биыл ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл. Осы жылдар ішінде Отанымыздың жоғары жауынгерлік әзірліктегі Қарулы күші аяққа нық тұрып, айбынды әскері жасақталды деуге толық негіз бар. Алдымен, тарихқа көз жүгіртейік. 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-ң мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Аталған Жарлыққа сәйкес, Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Қарулы Күштерді басқаруды жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз мойнына алды. Ал алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды. Кейіннен, нақтырақ айтқанда 1998 жылы «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды.

Отыз жыл бұрынғы армия қандай еді? Бүгінгі қауқарың қалай, қазақ әскері?

«Бізде мамандар да, тәжірибе де болған жоқ. Егемен Қазақстанның армиясы қандай болуға тиіс екендігі жөнінде түсінігіміз болмады. Осындай жағдайда республика аумағындағы және Орталық Азия мен Түркістан әскери округінен қалған барлық құрылымдарды, сондай-ақ Ауғанстандағы соғыстан оралған 40-шы армияның бөлімшелерін Қазақстан Қарулы Күштерінің бөлімдері деп жариялау туралы шешім қабылданды. Мен мұндай Жарлыққа 1992 жылғы 7 мамырда қол қойдым»,- деп жазылған ҚР тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың естелігін көзім шалды.

Шындығында, бір кездері мызғымастай болған Кеңес Одағы ыдырап, оның орнына жас тәуелсіз мемлекеттер қалыптасуы аса күрделі геосаяси үдеріс. Әсіресе, Орталық Азия аумағы тіпті әскери жанжалдар шығуы ықтимал ошақтар ретінде сипатталатын. Сарапшылар, Ауғанстандағы соғыстың мемлекеттік шекаралардан дендеп, нағыз әскери қауіп төндіретінін де болжаған болатын. Бұлай болжауға да негіз жоқ емес еді. Дегенмен, бұл мәселенің бір қыры ғана. Екінші мәселе кадр тапшылығының күрт артуынан туындады. Өйткені, кешегі бір ғана орталықтан басқарылатын Кеңес Одағы ыдырап, соның салдарынан бұрын шалғайды шарлап жүретін кеңестік офицерлер де өз жөніне, өз жеріне кете бастаған. Орталық Азия, Түркістан әскери округтерінде қызмет еткен офицерлер саны күрт азая түскен. Мәселен, кейбір деректерге қарағанда 1991 жылдың соңына таман Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің жалпы саны шамамен 200 мың адам болды. Кейіннен басқа ұлт өкілдерінен болған офицерлердің өз елдеріне жаппай кетуі екіжарым жыл ішінде, 1992 жылғы мамырдан 1995 жылғы қаңтарына дейінгі аралықта ең жоғарғы деңгейге шығып, тізімдік құрамның 89 пайызына жеткен екен. Сөйтіп, Қазақстанның жас армиясы кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп жатты. 1993 жылдың соңында негізгі құрамалар мен бөлімдердің офицерлермен жасақталуы 50- 60 пайыз шамасында болса, кейбір полктер 27 пайыз ғана жасақталыпты. Осындай жағдайда, Қорғаныс министрлігінің жедел және ұтымды шараларының, жас Армияны құруда тынымсыз еңбек еткен генералдар мен офицерлердің, олардың күрделі шешім қабылдай білуінің арқасында ғана елдің Қарулы Күштері сақталып қалды. Жас Қазақстанның ұлттық армиясы да бұрынғы одақ республикаларында қызмет еткен, қазақстандық әскери қызметшілермен толыға бастаған.

Дамудың талай сатысынан өткен Қазақстанның айбынды Армиясы бүгінде жауынгерлік қабілеті жоғары, қуатты қорғаныс күшіне ие деңгейге қол жеткізді. Мәселен, әлемнің беделді әскери сарапшыларының пайымынша, Қазақстан армиясы ТМД елдері әскерлерінің ішінде үшінші орында тұр. Ұлттық армияның ең жаңа әскери техникамен жарақтануы, білікті әскери кадрлармен қамтамасыз етілуі соның айғағы.

Осы ретте, айбынды әскерімізді әрқашан жас буынмен жаңартып, жасақтау міндеті Қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер мен басқармаларға жүктелгені белгілі. Біздің Ұлытау ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі де сіз бен біздің тыныштығымызды күзететін айбынды әскерімізге сарбаздарды жасақтаумен айналысады. Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің негізгі міндеті – бейбітшілік уақыттан соғыс жағдайына ауысу кезінде жоғары деңгейде жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету болып табылса, бейбіт аспанымызды бұлт шалмаған тыныш замандағы қосымша міндеті – азаматтарды мерзімді әскери қызмет қатарына шақырып, олардан Отан қорғаушы сарбаз әзірлеп, 51 жасқа дейін жұмылдыру қорымыздағы сарбаздар сапының әскери есебін толықтыру болып табылады.

Өткен 2021 жылдың қорытындысы бойынша азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу бойынша Ұлытау ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі облыс бөлімдері арасында ең жоғарғы нәтиже көрсетіп, берілген жасақты 116%-ға орындап, 36 жас сарбазды Қарулы күштер мен республикалық Ұлан, сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен ҰҚКнің шекара қызметіне жіберген болатын.

«Биыл аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің құрылғанына 19 жыл толды. Бөлім ашылған күннен бастап мыңнан астам жас сарбазды Отан алдындағы борышын өтеуге аттандырып, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, елін, жерін қорғайтын жас буын тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп келеді. Мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын жасына толған күні-ақ Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге асыға аттанған ұлытаулық жас сарбаздар Айбар Сабыржанұлы, Әділет Құдыретұлы, Нұрлытаң Қанатұлы Николай Петрович, Бекарыс Қанатұлы, Мәдениет Маратұлы, Мұхамедәлі Талғатұлы, Заманай Білімұлының есімдерін әскери бөлім қызметкерлері зор мақтанышпен атап жүр», – деді Ұлытау ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Еркебұлан Мұстағұлов мереке қарсаңында арнайы жолыққанымызда.

Жауынгерлік жетістікті бастамашылдық рухымен сусындаған әскер ғана қамтамасыз етеді десек, осы орайда қазақ әскерінде әскери қызметте жүрген азаматтарымыздың жағдайы қалай деген сұрақ еріксіз еске түседі. Бұл сауалға Мемлекет басшысының мына бір сөзі жауап болмақ. «Қаржыландыру мәселесі кезең-кезеңімен артып келеді. Биылдан бастап әскери қызметшілердің лауазымдық еңбекақылары 35 пайызға өсті. Алдағы екі жылда орташа есеппен 60 пайызға жоғарылайды. Барлық санаттағы әскери қызметшілер үшін тұрғын үй мәселесі заңнамалық тұрғыдан шешілген. ТМДның басқа елдеріне қарағанда қазақстандық әскердің әлеуметтік топтамасы – бәсекеге қабілетті. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселесі әрдайым мемлекет басымдық беретін салалардың қатарында болады. Күшті әскер – қуатты егемен Қазақстанның кепілі», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз». Бұл қазақтың бар болмысын бір ауыз сөзге сыйдыра білген Қазыбек бабамның сөзі. Ел шетіне жау тисе, жүрегі түкті ерім бар, ел басына күн туса, ұлтым деп ұрандар ұлым бар. Бастысы, ашық аспан астындағы азат елдің ғұмыры мәңгі, Көкбайрағымыздың тұғыры биік болсын деп тілейік.

Альмира ОСПАН